Бас жаңалықтар
Сотталғандар біліктілік сертификатына ие болды
25 Сәуiр 2019, 18:55 623

Сотталғандар біліктілік сертификатына ие болды

Тараз қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталғандар тұңғыш рет жоғары оқу орнын тәмамдап, біліктілік сертификаттарына қол жеткізді. 

Сәтті жүзеге асырылған қанатқақты жобаны өңірдегі іргелі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті ұйымдастырды.

Жазасын өтеп жатқан 4 сотталған азамат «Кәсіби даму және карьера» орталығында қашықтықтан білім алды. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар мен материалдық база ерекше режимдегі түзеу мекемесіне лайықты түрде жабдықталды. Жоғары білімі бар жазасын өтеушілер заманауи техника мен жаңашылдықтарды меңгеру мақсатында «Көлік, көлік техникасы және технологиясы, машиналар мен механизмдер теориясы», «Құрылыс материалдары» мамандықтарын 3 ай мерзімде оқып шығып, біліктіліктерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдады.

«Сотталғандар ЕСТS 5 бағдарламасын 135 сағатта меңгерді, бірақ ол үшін қазынадан қаржы жұмсалған жоқ. Барлық төлем қылмыстылардың өз есебінен жүргізілді. Білім қоржынын толтырып, кәсіби біліктілікті арттыру жазасын өтеушілерге оңайға түспеді, ал оқытушылар көп тер төкті. Осындай жобалар мен іс-шаралар сотталғандардың болашағына нық сеніммен қарауына септігін тигізсе, басқа сотталғандарға үлгі болып, түзелу жолына түсуге ынталандырады», - деді «Кәсіби даму және карьера орталығының» жетекшісі А.Ордабаева сертификаттарды салтанатты жағдайда тапсыру рәсімінде.

Ұйымдастырушылар тарапынан атаулы жобаны алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асыру жоспарлануда.


 


Фото: автордан
Загрузка...