Сот шахтаның қауіпті аймағындағы жұмысты тоқтата тұру туралы шешімді қолдамай, тек айыппұл салады – министр
12 Қараша 2021, 10:57 82

Сот шахтаның қауіпті аймағындағы жұмысты тоқтата тұру туралы шешімді қолдамай, тек айыппұл салады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты.

Ол алдымен министрлік қызметінің маңызды бағыттарының бірі – техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жүйесі тау-кен, металлургия, мұнай-газ, мұнай-химия, химия өнеркәсібі және басқа да өнеркәсіптердегі азаматтардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатер төндіретін техногендік авариялардың алдын алуға бағытталған. Алайда реттеу жүйесін кезеңді реформалау және бизнеске қойылатын талаптарды төмендету бойынша шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеудің әлсіреуіне әкелді. Одан бөлек, өнеркәсіптегі өндірістік тәртіп деңгейінің төмендеуіне алғышарттар жасады, соның салдарынан өндірістегі жазатайым оқиғалардың және жарақаттар алу жиіледі, - деп айтты министр.

Ол 7 қараша күні Қарағанды ​​облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты «Абайская» шахтасында метан шығарындыларына байланысты апат салдарынан 6 кенші қаза тапқан қайғылы оқиға жарқын мысал екенін атап өтті.

Біз «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қанағаттанарлықсыз жағдайына бірнеше рет назар аудардық. Инспекторлар тұрақты негізде тау-кен жұмыстарын жүргізуге, көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыруға, кейбір учаскелерде метан концентрациясын автоматты анықтау жүйесінің болмауына және т. б. байланысты қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзушылықтарды анықтады. Тексеру нәтижелері бойынша көмір шахталарының қауіпті учаскелеріндегі тау-кен жұмыстарын тоқтату туралы сот органдарына талап-арыздар жолданды. Алайда іс жүзінде талап-арыздарды қарау нәтижелері бойынша сот қауіпті аймақтарды тоқтата тұру туралы шешімді қолдамайды және тек әкімшілік айыппұлдар салынады, - деді ТЖМ басшысы Сенатта.

Оның сөзінше, тексерілетін субъектілерге қатысты санкциялар мен салынған әкімшілік айыппұлдардың мөлшері мардымсыз, бұл оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті теңестіруге әкеледі. Тәжірибеде бұзушылықтарды жою үшін инвестиция салудан гөрі әкімшілік айыппұл төлеу тиімдірек деген тенденция бар.

Заңды бұзғаны үшін тиісті жауапкершіліктің болмауы бақылау және қадағалау саласындағы профилактикалық іс-шараларға кері әсерін тигізеді, сәйкесінше тексерілетін субъектілерде жазасыздық сезімін тудырады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...