Бас жаңалықтар
Соса-Соlа-ның қазақстандық ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 300 млрд теңгені құрады
15 Мамыр 2019, 14:16 544

Соса-Соlа-ның қазақстандық ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 300 млрд теңгені құрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  «Coca-Cola Алматы Боттлерс» бас директоры Эрдинч Гюзель бәсекеге қабілеттілік бойынша Үшінші қазақстандық форумда (KCF) Қазақстанның тұрақты дамуына компанияның қосқан үлесі туралы есеп берді. 


Компания 2013-2017 жылдар аралығындағы Қазақстандағы Coca-Cola жүйесінің әлеуметтік-экономикалық үлесін бағалауды ұсынатын тәуелсіз зерттеу жүргізген. 

«Қазақстан Республикасында құрылған қолайлы бизнес орта «Coca-Cola» компаниясына елдегі бизнес-қауымдастықтың ірі қатысушыларының бірі болып, мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық міндеттерін қолдауға және шешуге бағытталған бірқатар маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. 2013-2017 жылдары Қазақстанның ЖІӨ-дегі компанияның толық үлесі шамамен 300 млрд теңгені құрады, мұны «азық-түлік өнімдері мен сусындар өндірісі» саласымен құрылатын қосылған құнның шамамен 5,5% көрсеткішіне теңестіруге болады. 2017 жылы «Coca-Cola» қызметінің арқасында елімізде экономиканың әртүрлі секторында және компанияның өзінде 10000-ға жуық тікелей және жанама жұмыс орындары қолдау тапты», - деп атап өтті «Кока-Кола Алматы Боттлерс» бас директоры Эрдинч Гюзель.

2017 жылы компания көтерме сауда секторында мемлекеттік бюджетке 14 миллиард теңгеден астам салық төлемдері мен өзге де төлемдерді аударып, алғашқы 10 салық төлеушінің қатарына кірді. Бұл ретте 5 жыл ішінде жалпы үлес 50 млрд теңгеге жетті.

Эрдинч Гюзелдің айтуынша, «Coca-Cola» компаниясы бұдан бөлек жергілікті қоғамдастықтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жобаларды қаржыландырады.

«Coca-Cola» компаниясы өндірістік және шаруашылық қызметтен қоршаған ортаға әсерді дұрыс басқаруға бағытталған бағдарламаны қабылдады. Бұл ретте компания өз кәсіпорындарындағы технологиялар мен процестерді жақсартуға ғана емес, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жобаларды қаржыландырады. Республикалық қоғамдастықтар, ҮЕҰ және үкіметтік ұйымдар арасында компанияның су энергетикалық ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған экологиялық бағдарламалары кеңінен мойындалды және қолдау тапты. Сумен жабдықтауды қалпына келтіру жөніндегі жобаларды іске асыру жыл сайын табиғатқа 1,6 млрд  литр суды қайтаруға мүмкіндік берді, бұл өз сусындарын өндіру үшін компанияға қажетті су көлемінен 3 есе артық. «Coca-Cola» өндірістік қызметінен өңделетін қалдықтардың үлесі 2017 жылы 90%-ды құрады, алайда компанияның стратегиялық мақсаты – қалдықсыз өндіріс жетістігі», - деді ол.

Компания түрлі бағыттағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады, олардың ішінде спорт, білім беру, медицина, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмек көрсету бар. «Coca-Cola Былғары Доп» балалар мен жасөспірімдер арасындағы футбол турнирі Қазақстанның 6 200 мектебінен 1,2 миллион баланың басын қосты. Ал «Соса-Соlа Белестері» әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жобасы өз қызметінің 7 жылы ішінде жалпы сомасы $200 000 астам грантты жүзеге асырды және 11 000 әйелге кәсіпкерлік жүргізу негіздері бойынша оқудан өтуге мүмкіндік берді. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен халықаралық өзара түсіністік жөніндегі Іскерлік кеңес (BCIU) Қазақстан елшілігімен әріптестікте ұйымдастырған іс-шара Қазақстан Үкіметіне және бүкіл әлемдегі жеке секторға Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және модернизация бойынша практикалық және пәрменді идеялармен алмасуға мүмкіндік беру үшін өткізіледі.


Фото: автордан
Загрузка...