Бас жаңалықтар
Сооронбай Жээнбековтің пандемия кезінде биліктен кетуі дұрыс шешім болды ма?
29 Қазан 2020, 14:50 187

Сооронбай Жээнбековтің пандемия кезінде биліктен кетуі дұрыс шешім болды ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек көрші Қырғызстан еліндегі саяси жағдай турасында пікірімен бөлісті.

Сооронбай Жээнбековтің пандемия кезінде биліктен кетуі тактикалық тұрғыда мүмкін дұрыс та шығар. Өйткені бұл жағдайды одан сайын ушықтырып, қантөгіске апармаудың бірден бір жолы болды. Бірақ стратегиялық тұрғыда белгісіз. Себебі Жээнбеков биліктен кеткеннен кейін жаңа билік басқару тізгінін толықтай өз қолына алуға тырысып жатыр. Тіпті бүгінде Президенттің қызметін уақытша атқарушы Садыр Жапаров конституциялық реформа туралы сөз қозғай бастады. Яғни ол конституцияны өзгертуге талпынуда. Енді-енді қанаты қатайып келе жатқан парламеттік республика қазір қайтадан саяси реформа жүргізіп, осы жылдар ішінде жинаған қандай да бір саяси тәжірибені жоққа шығаруы мүмкін. Стратегиялық тұрғыда бұл Қырғызстанның саяси тағдырын бұлыңғыр етеді, - деді ол.

Сарапшы Қырғызстанда бұған дейін болған революцияларда сыртқы күштердің мықты болғанын айтады.

Бұған дейін болған екі революция барысында сыртқы күштер шынымен де үлкен рөл ойнады. Асқар Ақаев биліктен кеткен тұста АҚШ бастаған батыс мемлекеттерінің ықпалы өте зор болды. 2010 жылы Құрманбек Бакиев биліктен кеткенде ресейліктер басты рөл ойнады. Ал жақында өткен үшіншісі революцияда саяси сыртқы ойыншылар аса қатты рөл ойнамады. Менің ойымша, саяси ойыншылар ойын ережелерін анықтап, бекітіп алуы керек. Сосын саяси күресті конституция аясында жүргізуі керек. Яғни көшеге өз жақтастарын шығару арқылы емес, партиялар арқылы немесе саяси күрестің заманауи құралдарын пайдалауы қажет. Көтерілістен еш пайда болмайды, - деді ол.

Еске салайық, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті.

7 пайыздық межеден өткен төрт партия Қырғызстанның 120 орындық парламенті – Жогорку К яенешке депутат жіберу мүмкіндігіне ие болған.

Сайлау нәтижелерімен келіспеген демонстранттар Бішкекте Қырғызстан парламенті – Жогорку Кенеш ғимараты мен Президент әкімшілігі қоршауынан секіріп кірмекке талпынды. Демонстранттар ғимарат ауласына бөтелке, тас лақтырды.

Митингіге шыққандар мен қарулы күштердің текетіресі сағат 20.00-ден бастап Ақ үйге басып кірумен аяқталған.

Демонстранттар парламент ғимаратын басып алып, экс-Президент Алмазбек Атамбаев пен басқа саясаткерлерді қамаудан босатты.

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков 15 қазан күні Қырғызстан азаматтарына елде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайға байланысты үндеу жасап, отставкаға кететінін мәлімдеді.

Кейіннен Садыр Жапаров Қырғызстан Президентінің міндетін атқаратыны белгілі болды.


Фото: дереккөз
Загрузка...