Бас жаңалықтар
Соңғы екі жылда 123 жауапсыз құрылыс компаниясы анықталды
25 Ақпан 2021, 12:57 828

Соңғы екі жылда 123 жауапсыз құрылыс компаниясы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өтіп жатқан онлайн брифингте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылатынын айтты.

Оның сөзінше, халық қаражаты есебінен тұрғын үй салатын құрылыс салушыларға кепілдіктер мен субсидиялар беру жалғастырылады.

Былтыр осы құралдар арқылы жобаларға 145 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Осылайша, халықтың коммерциялық нарықтан 9 мың пәтер сатып алуға салған салымдары қорғалды, сондай-ақ құрылыс компаниялары үшін кредиттер құны орта есеппен 50%-ға төмендетілді, - деп айтты Әнуар Омарқожаев.

Ол жауапсыз құрылыс салушылардың үлескерлік құрылыс саласындағы заңнаманы бұзуы бөлек проблема екенін атап өтті. Өткен 2 жылда осындай 123 компания анықталған.

Қаржылық тұрақсыз компаниялар сапалы және арзан тұрғын үй туралы уәде беріп, әртүрлі кооперативтер, одақтар, пайлық жарналар арқылы халықтың салымдарын ашық түрде пайдаланады. Мұндай компаниялар объектілердің құрылысын «қаңқа» деңгейіне дейін жеткізе отырып, ресми рұқсат алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді, - деп түсіндірді Омарқожаев брифингте.

Мұндай жағдайларда тұрғын үй құрылысының аяқталуына ешкім қаржылық кепілдік бермейді. 

Халықтың қаражатын тартуға құқылы құрылыс компанияларының қарапайым және түсінікті рейтингін енгізу қажет. Құрылыс салушылардың қаржылық жағдайын, жұмыс тәжірибесі мен іскерлік беделін ескеретін Құрылыс компанияларының рейтингі әзірленетін болады. Жоғары рейтинг алған компаниялар үшін қолданыстағы кепілдік беру тетігі сақталады, - дейді ол.

Рейтингі төмен компаниялар үшін Бірыңғай оператор үлестік салымдарды белгіленген бағамен халықтан тікелей тартып, арнайы эскроу-шотта қаражаттың сақталуын қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде, коммерциялық банктер халыққа салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға қосымша кепілсіз ипотека бере алады.

Сондай-ақ үлестік салымдарды заңсыз тартқаны немесе қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдату ұсынылады.


Фото: дереккөз
Загрузка...