Соңғы 5 жылда 160 елді мекенде су тасқыны болған

5 Ақпан 2021, 17:11
1826
Бөлісу:
Соңғы 5 жылда 160 елді мекенде су тасқыны болған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев баяндады.

Соңғы бес жылда еліміздің он облысында 160 елді мекен су тасқынына ұшырады. Атап айтқанда олар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, СҚО, Павлодар, Жамбыл облыстары және Алматы қаласы, - деп айтты вице-министр.

Оның сөзінше, су тасқынының кері әсерін төмендету мақсатында ТЖМ талдау жүргізді. 

Оның нәтижесі бойынша көктемгі су тасқыны кезінде қауіп төнуі ықтимал 905 елді мекен анықталды. Онда 600 мыңға жуық адам тұрады. Оларды қорғау үшін ТЖМ, ИИДМ, ЭГТРМ және ЭМ бірлескен бұйрығымен үш жылға арналған «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы бекітіліп, жүзеге асырылды, - деп атап өтті Күлшімбаев.

Вице-министр атағандай, осы жұмыс аясында төрт жыл ішінде 402 іс-шара орындалды, оның ішінде қорғау бөгеттері мен дуалдарды жөндеу, қорғаныс құрылыстарын қалыпқа келтіру, жағалауды бекіту, түбін тереңдету және 537 шақырымдық су тасқыны қаупі бар өзен арналарын түзету бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жол картасының іс-шараларын орындау 315 елді мекенді су басу қаупін толығымен жоюға және 314 елді мекенде барынша қауіпті азайтуға мүмкіндік берді. Алайда ауа райы жағдайларына байланысты халық саны 270 мыңнан астам адам тұратын 276 елді мекенде су басу қаупі сақталуда, - деп түсіндірді ол.

Осыған орай, елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында бірлескен бұйрықпен «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» бекітілді.

Айта кетейік, елімізде су алып кету қаупі бар аймақтар аталды. Сонымен қатар су тасқынына қарсы күреске қанша қаржы бөлінгені де белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы