Солтүстік Қазақстанда су қоймасы ернеуінен асып жатыр

13 Сәуір 2021, 23:34
1196
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда су қоймасы ернеуінен асып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы ернеуінен асып жатыр. Мамандардың айтуынша, асып-төгілу 1 см-ге жетті.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өңірдегі барлық су қоймаларында су деңгейі көтеріліп жатыр. Ал Ковыльное елді мекенінің маңындағы Ақанбұрлық өзенінде мұз кептелісі пайда болып, су деңгейі 40 см дейін түсті.

Мұз кептелісі Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзенінде де байқалады. Облыстағы Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Шарық, Қамысақты шағын өзендерінде су деңгейі күннен-күнге көтеріліп жатыр. Бір тәулікте 8-160 см-ге дейін өзгерген. Бабықбұрлық өзенінде, Гусаковка ауылы маңында орналасқан гидропостта мамандар судың 160 см-ге дейін көтерілгенін тіркеген.

Возвышенка елді мекені маңындағы Ақанбұрлық өзенінде, Мұқыр ауылының маңындағы Мұқыр өзенінде сең жүріп жатыр. Сергеевка қаласының маңындағы Есіл өзенінде мұз жоқ, су деңгейі бір қалыпты, артық су бөгенге жиналуда. Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша Сергеев су қоймасы таси бастады.

Ал Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би елді мекені маңындағы Есіл өзенінде мұз жүріп жатыр. Түс уақытында су деңгейі 676 см жеткен. Бұл гидропостта су деңгейі 9 сәуірден бастап ғана көтеріліп жатыр. Былтыр бұл құбылыс 2 сәуірде тіркелді. Есіл өзенінде орналасқан гидропосттарда су деңгейінің 5 см-85 см-ге дейін өзгергенін көруге болады. Үлкен Тораңғұл көлінде де өзгеріс бар. Көлдің суы 1 см көтеріліп, 323 см жеткен.


Өзгелердің жаңалығы