Солтүстік Қазақстан облысында алдағы 5 жылда 16 мектеп салынады

7 Сәуір 2021, 18:28
2686
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстан облысында алдағы 5 жылда 16 мектеп салынады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Оның оны модульды, алтауы мақсатты. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, биыл Петропавл қаласында 900 орындық мектеп пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 33 пайызы орындалды.

2022 жылы 8 мектеп тұрғызылады, оның 3-еуі модульдік болмақ. Атап айтар болсақ, Айыртау ауданындағы Комаров ауылында 100 балаға, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Еңбекші қазақ ауылында 80 орындық, Уәлиханов ауданындағы Қаратал ауылында 80 орындық негізгі мектеп, Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында 80 орындық және Қызылжар ауданындағы Белов ауылында 120 орындық орта мектеп бой көтереді. Сондай-ақ Тайынша ауданының орталығы мен Вишневка ауылында 720 балаға арналған мақсаттық мектеп салынады. Тағы бір осындай 1200 оқушыға арналған білім ордасы Петропавл қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тұрғызылады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.

Сондай-ақ, 2023 жылы облыста 5 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024-2025 жылдары бір мектептен салынады. Модульдік мектептердің басты ерекшелігі кейін ауылдарда оқушылар азайып, жабылатын болса, ғимаратты бұзып, басқа жерде қайтадан тұрғызуға мүмкіндік туады. Жалпы өңірде 3 ауысымдық мектеп проблемасы да өзекті. Қазіргі күні өңірдегі 3 оқу орнында балалар кезектесіп оқып жүр.

Облысымызда 3 ауысымды мектептерді жою, сыныптар тапшылығын азайту және инфроқұрылымды жақсарту мақсатында былтыр 2 мектеп тұрғызылды. Петропавл қаласындағы «Жас өркен» ықшам ауданында 900, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында 300 орындық білім үйі бой көтерді. Қазіргі күні Петропавлдағы №23, Аққайың ауданындағы Смирнов ауылында №3 және Ғабит Мүсірепов атындағы Новоишим ауылындағы №1 мектепте балалар әлі де 3 ауысымда білім алып жүр, - дейді СҚО білім саласында сапаны қаматамасыз ету департаментінің бас маманы Дулат Әуелбеков.

Бұл мектептердің ғимараттары да ескі. Жалпы облыстағы 4 мектептің жағдайы апаттық деп танылған. Оларды қалпына келтіру мен күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары биыл қолға алынады.

Өзгелердің жаңалығы