Петропавлда ит өз иесін талап тастады

22 Қаңтар 2019, 15:36
2987
Бөлісу:
Петропавлда ит өз иесін талап тастады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда алабай тұқымды ит өз иесін талап тастады. Түрлі дене жарақатын алған қала тұрғыны ауруханаға жеткізілді.

Келеңсіз жағдай жеке тұрғын үй секторында болған. Қалыптасқан әдет бойынша түнде итті қамаудан босатып жіберген әйел таңертең оны орнына қамамақ болады. Бұл әрекетке қарсылық танытқан ит әйелдің өзіне шабады. Оны алабайдың аранынан құтқармақ болған күйеуі көмекке асығады. Қожайындарының бұйрығын орындаудан бас тартқан хайуан адамға шабуылдайды. Жағдайды байқаған көршілерінің көмектеспек болған әрекетінен ештеңе шықпаған соң, әйел бірден полиция қызметіне хабарласқан. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары адамдардың өміріне қауіп төндірген итті атып тастауға мәжбүр болды.

«Аталған факті бойынша материал жиналып, шешім шығарылады. Осы сынды ірі иттерді ұстайтындарға айтарым – қауіпсіздік шаралары жайында ұмытпау керек. Итке де тәрбие керек. Оны түрлі әдеттерге, иесінің бұйрықтарын орындауға баулу керек», - дейді полиция подполковнигі Сергей Табарин.

Ит иесінінің үстіндегі киімін жыртып тастаған. 7 жыл бойы асырап келген алабайдан мұндай оғаш мінезді ерлі-зайыптылар күтпеген.

«67 жастағы қария. Көршілер келіп көмектесіп, жедел-жәрдем қызметін шақырғанша, полиция келгенше далада 1 сағат жатып қалған. Үсік шалған. Аяқ-қолы, денесі жарақатталған. Ауыр жағдайда түсті. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оған қоса басқа да аурулары бар. Дегенмен, жағдайы тұрақты», - дейді №3 Петропавл қалалық ауруханасының дәрігері Мейрам Оспанов.

Эльмира Кәленова

Өзгелердің жаңалығы