Солтүстік Қазақстанда жаңа инфекциялық аурухана салынады

29 Шілде 2020, 05:50
1638
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда жаңа инфекциялық аурухана салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi әлеуметтiк желiде коронавируспен күрес аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Пандемия кезiнде бiз ауруханаларға жоспарлы түрде емдеуге жатқызуды тоқтатқан едiк. Бүкiл күшiмiздi жаман iндетпен күреске жұмсадық. Төсек орнының санын көбейттiк. Қазiргi кезде оң динамиканы ескере отыра, жоспарлы емдеудi қайта бастаймыз. Қазiр науқастар санының азайғанын көрiп отырмыз. Егер шiлденiң басында жедел жәрдем тәулiгiне 712 рет шықса, қазiр шақырулар 464-ке дейiн түстi. Жедел жәрдемнiң жұмысы 34% азайды, - деп жазды Құмар Ақсақалов.
Инфекциялы және провизорлы стационарларға түсетiн науқастардың да саны қысқарды. Алдында тәулiгiне 249 адам жатқызылса, өткен тәулiкте 74 адам түстi.
Бiрақ бұл босаңсуға себеп емес. Әлеуметтiк арақашықтықты сақтап, маска тағып жүру керек, бүкiл ережелердi орындау қажет. Бiз iндеттiң күздегi екiншi толқынына дайын болуымыз керек. Облыс орталығында тез салынатын инфекциялық аурухана бой көтермек. Жер телiмi анықталды. Құрылыс 2020 жылдың қазан айында аяқталады. Заманауи қондырғылар қойылады, оның iшiнде компьютерлi томограф пен 20 жасанды дем беру аппараты бар, - дедi өңiр басшысы.
Жасанды дем беру аппараттарының саны 73-тен 264-ке дейiн өстi. Пандемияға дейiн облыста 18 оттегi концентраторы болды, қазiр - 125. Негiзгi ауруханалардың жанынан оттегi станциялары ашылады. Облыстық мәслихаттың сессиясында бұл мақсатқа 300 млн теңге бөлу туралы шешiм шықты. Бұл оттегi баллондарын тасымалдау мәселесiн шешiп, дәрiгерлердiң жұмысын жеңiлдетедi.

Облыста 5 компьютерлi томограф тәулiк бойы жұмыс iстейдi. Келесi жылы тағы 2 заманауи томограф аламыз. Қазiр еншiмiзде 21 рентген аппараты бар, жыл соңына дейiн тағы 2 цифрлы аппарат алынады.

Дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету - маңызды жұмыс. Стационарларда 16 күндiк қор бар. Бiз дәрiлiк тұрақтандыру қорын құрып жатырмыз. Қорға бюджеттен 250 млн теңге бөлiнбек. Бұл қаржы бүгiнгi облыстық мәслихаттың сессиясында бекiтiлдi. Осының арқасында дәрiханаларда 1 айлық қор жасалады, - деп жазды облыс әкiмi.

Өзгелердің жаңалығы