Солтүстік Қазақстанда су тасқынының қаупі күшейді

26 Наурыз 2019, 17:45
2286
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда су тасқынының қаупі күшейді
PHOTO

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжар өңірінде су тасқынының қаупі күшейді. Синоптиктердің болжауынша, теріскейде алдағы екі аптада күн күрт жылынады. Оған қоса, наурыз айының соңы жауын-шашынды болмақ. Облыстық Төтенше жағдай жөніндегі қызмет жоғары дайындық режиміне көшті. 

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қар қалыңдығы 8-34 сантиметр аралығында. Ол жұқарған сайын, қоймалардағы су мөлшері көтеріліп келеді. Мәселен, Сергеев су қоймасы 93 пайызға толған. Бұл ақпаратты облыстық әкімдікте өткен кеңесте «Қазгидромет» РММ облыстық филиалының жетекшісі Қымбат Мерғалиева алға тартты.

Солтүстік Қазақстанда су тасқынының қаупі күшейді

«Облыстың кейбір жерлерінде қалыңдығы 132 миллиметрге дейін қар жатыр. Бұл әдеттегі мөлшерден жоғары. Оның үстіне наурыз айының соңында тағы жауын-шашын түседі. Түнде қар, күндіз жаңбыр жауады», - деді ол.

Солтүстік Қазақстанда су тасқынының қаупі күшейді

Қыс мезгілі басталғаннан бері облыс бойынша 790 мың текше метр қар шығарылған, автожолдарда 2 мың құбыр тазартылған. Сонда да кейбір аудандар әлі ақ ұлпаның астында жатыр. Жиында айталғандай, қар тазалау жұмыстары бойынша Айыртау, Уәлиханов және Тимирязев аудандары көш соңында қалған.

«Барлық деңгейдегі әкімдер өздері жүріп қарасын. Әр ауланы тексеру қажет. Демалыс күндері аудандарда болдым. Ауыл көшелерінде қар әлі де көп. Оны тазалап, жыра жасау керек. Барлық басшылардың жеке-жеке жауап беретінін тағы бір еске саламын. Әр оқиға назардан тыс қалмайды. Тиісті шараларды алдын-ала өткеріп қана су басу қаупін сейілтуге болады», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Солтүстік Қазақстанда су тасқынының қаупі күшейді

Облыста барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшті. Жұмыс қарқынын жеделдету үшін 1400 маман, 730 бірлік техника мен 353 мотопомпа жұмылдырылған. Облыста былтыр су өткізгіш 20 құбыр салынды, биыл тағы 27 іске қосылады. Құмар Ақсақалов Жұмысшы, Заречный кенті сынды қаланың шеткі аудандарында жұмысты күшейтуге тапсырма берді.

«Жұмысшы кентінде кәріз жүйесі тек орталық көшелерде тазартылған. Тұрғындардан шағын аудандарда суды сору жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейтіні туралы шағымдар түсіп жатыр. Осыған орай жеке кәсіпорындармен келісім-шарт жасауды тапсырамын», - деді ол.

Облыс жолдарының 109 учаскесін су басуы мүмкін. Жолдардың бұзылуының алдын алу мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ескі су құбырларының орнына жаңа, диаметрі үлкен құбырлар орнатылған. Өңірде эвакуциялық бөлімшелер дайындалып жатыр. Олардың барлығы дәрі-дәрмек пен азық-түлік сынды тағы басқа қажетті заттармен жабдықталмақ. Солтүстік Қазақстан облысы - соңғы бірнеше жыл қатарынан су тасқынынан зардап шегіп келеді. Өңір басшысы тиісті органдарға өткен жылдардың жағдайын болдырмай, тұрғындардың денсаулығы мен мүлкін барынша сақтауға тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы