Солтүстік Қазақстанда үш қоқыс орны жойылды

5 Тамыз 2020, 03:33
1423
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда үш қоқыс орны жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында "Таза Қазақстан" республикалық іс-шарасы аясында мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлағандай, "Таза Қазақстан" республикалық іс-шарасы 20 шілде де бастау алды. Акция аясында табиғатты қорғау полициясы мен учаскелік инспекторлар экологтарға көмек көрсетуде. Табиғатты қорғауды насихаттау мақсатында бірлескен рейдтер мен акциялар өткізіліп, тұрғындар жиі баратын өзен-көл жағалаулары, белгіленбеген жағажайлар мен ормандар назарға алынды.
Тұрғындарда демалу мәдениеті қалыптаспаған. Табиғат аясына шықсаң аяқ астында жатқан қоқысты - пакет, түрлі қаптама, майлықтарды көресің. Акцияның мақсаты айналаны тазартып қана қоймай, табиғатты қорғауға жұрттың назарын аудару, - деді экологтермен бірге Петропавлдағы Есіл өзенінің жағалауын қоқыстан тазалауға шыққан тәртіп сақшылары.

Айта кетейік, мұндай акциялар қазіргі уақытта облыстың барлық аумағында өткізілуде. Ш.Уәлиханов ауданында учаскелік инспектордың араласуымен белгіленбеген қоқыс тастайтын орын жойылды. Кішкенекөл елдімекенінде пайда болған полигонға тұрғындар құрылыс қалдықтарын, көң мен күлді төккен. Учаскелік инспектор ескертумен шектеліп, ауылдықтармен түсіндіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде тұрғындар үйілген қоқысты қатты тұрмыстық қалдық полигонына өздері шығарды.
Іс-шара басталғалы облыста 3 қоқыс тастайтын орын жойылды. Сондай-ақ, белгіленбеген жерде суға шомылудың 77 дерегі анықталды. Акция аясында елдімекендердегі бақтар мен саябақтардың тазалығына баса мән беріліп, құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс күшейтілді. Осылайша жалпы пайдалану орындарын ластау бойынша 54 хаттама, спирттік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру бойынша 218 хаттама толтырылды, - деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының бастығы Асхат Қожабаев.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, екі аптаның ішінде 918 құқық бұзушылық анықталды. "Таза Қазақстан" іс-шарасы 30 тамызға дейін жалғасады.
Өзгелердің жаңалығы