Солтүстік Қазақстанда қалайы өндіріледі

6 Маусым 2019, 14:47
5396
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда қалайы өндіріледі
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, «BAQ.KZ» тілшісі. Орталық Азия көлеміндегі ең ірі қалайы кен орны Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан. Жуырда пайдалы қазбаны игеру жұмыстары басталды. «Tin One Mining» компаниясы аталған жобаға 100 миллиард теңге инвестиция құймақ.

Қызылжар өңірі – Қазақстан бойынша қалайыға ең бай өлке. Аталған металл қорының 65% Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Сырымбеттегі қалайы қоры 153 мың тоннаны құрайды. Оны игеруді қолға алған «Tin One Mining» компаниясы жылына қазба байлығының 10 мың тоннасын өндірмек. 

Солтүстік Қазақстанда қалайы өндіріледі

Сарапшылардың пікірінше бұл жоба қазақ еліне әлемдегі қалайы өндірісінің көшін бастап тұрған 10 мемлекеттің тізіміне енуге мүмкіндік бермек. Оны жүзеге асыру үшін 18 жыл уақыт жұмсалған. Бүгінгі күні Лондон биржасында қалайының тоннасы 21 мың АҚШ долларына бағаланатынын ескерсек, Солтүстік Қазақстан экономикасы үшін бұл өте тиімді жоба болмақ.

««Tin One Mining» компаниясы - біздің облыстағы жер қойнауын алғаш пайдаланушы. Аталған жобаны жүзеге асыруға біраз уақыт жұмсалды. Енді облысымыздың экономикасына рекордтық көрсеткіштегі инвестиция құйылмақ. Шамамен 100 миллиард теңге. Бұл біздің облыс тарихындағы ең ірі инвестициялық жоба. 2020 жылы тау-кен байыту комбинатын саламыз. Қалайы кен орнында 600 адамға жұмыс орны ашылады» - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Ұтымды жоба мемлекет тарапынан да қолдау тапқан. 2016 жылы жаңа электр станциясы салынды. Ол қазба жұмыстары жүргізілетін аймақтың барлығын жарықпен қамтамасыз етеді. Қажетті комуникациялардың барлығы тартылған. Бұл мақсатқа 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

Солтүстік Қазақстанда қалайы өндіріледі

«Мемлекет бізге барлық жағынан қол ұшын беріп жатыр. Электр бағандары орнатылып, 50 мегаваттық станция тұрғызылды. Біз үшін бұл елеулі көмек. Соның есебінен шығынымыз қысқарды. Осылайша, мемлекет біз сияқты жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандырып отыр. Кен орнына келер болсақ, ол күрделі. Оны барлауға, байыту технологиясына қыруар қаржы жұмсалды. Бұл жұмыстар аяқталып қалды. Енді оны табысты игереміз деген үміт басым. Қалайы концентратын шығару да жоспарда бар, ол Ресейге экспортталмақ», - деді «Tin One Mining» АҚ вице-президенті Дмитрий Хван.

Кен орнында барлығы 4 учаске болады. Әрқайсысының ұзындығы 4,5 шақырымды құрайды. Тереңдігі 250 метрге дейін жетпек. Қалайыны өндірумен қатар, басқа учаскелерде барлау жұмыстары жалғаса бермек.


Өзгелердің жаңалығы