Сол кезде бізді сыртқа теуіп, жүдеген жанымызды жараласа қайтер едік...

24 Ақпан 2021, 11:57
2976
Бөлісу:
Сол кезде бізді сыртқа теуіп, жүдеген жанымызды жараласа қайтер едік...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарих – ұлттың өткенінің, бүгіні мен болашағының көкжиегін байланыстыратын көпір іспеттес, дейді Қарағанды облысы «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев.

Қазақстан тарихының қаралы беттерінің бірі – оның аумағына Кеңес Одағының көптеген өңірінен: неміс, корей, поляк, грек, шешен, ингуш және басқа да  халықтардың депортациялануы еді.  

1944 жылдың ақпан айы. Ресми мәліметтер бойынша, бұл күн 500 мыңнан астам шешен мен ингуштың тағдырын өзгертті. Олар бір түнде жау деп танылып, Қазақстан мен Орта Азияның шалғай аудандарына күштеп көшіру басталды. Жер аудару жылдары халықтардың көбі суықтан, аштықтан, аурудан көз жұмды. Ауыр еді. Мұндайды жауыма да тілемеймін, - деп еске алады Сулим Исакиев.  

Депортация жылдарында ол небәрі бес жаста болған. Бірақ  әлі күнге дейін сол қорқынышты күндерді көзіне жас үйіріле баяндайды. Көп жылдар бойы оның халқы туған жеріне оралуға деген үмітін үзбеген екен. Алайда, жылдар өте өзге этнос өкілдері үшін де, Сулим Исакиевич үшін де Қазақстан екінші Отанына айналды. 

Бізді мұнда әкеле жатқанда қазақтарға «сұмдық жауыздар келе жатыр» деп үрей тудырған екен. Жүре-жүре бір ауылға жақындадық. Үлкендеріміз мұсылманша құлшылық жасап, беттерін сипады. Қарасақ, қазақтар да дәл солай дұға жасап жатыр екен. Міне, содан бері осы, қасиетіңнен айналайын қазақ халқымен жасасып келеміз. Тағдыр сан қилы, жолдар сан тарапты болады екен ғой. Егер сол кезде бізді сыртқа теуіп, онсыз да жүдеген жанымызды жараласа қайтер едік... Адам қатарына қосылуға жәрдем беріп, барымен бөліскен қазағыма ақтық демім қалғанша алғыс айтып өтемін, -  дейді ақсақал.

1944 жылғы 31 қаңтарда шешендер мен ингуштерді Қазақ ССР-не депортациялау туралы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысы шыққан болатын. Үш мәрте жүргізілген операция нәтижесінде одақтың шығыс өңірлеріне барлығы 650 мың шешен мен ингуш, қалмақ пен қарашай қоныс аударды. Қазақстанға 124 эшелон (344 584 адам), оның ішінде Қарағанды облысына – 37 938 адам келді. Халықтардың қоныс аударуы 40-жылдардың аяғына дейін жалғасты. Тарихтың осынау ақтаңдақ беттері халқымыздың  есінде мәңгі қалды.

Өзгелердің жаңалығы