Бас жаңалықтар
Соғыс ардагерлеріне материалдық көмек беріледі
08 Мамыр 2019, 19:29 442

Соғыс ардагерлеріне материалдық көмек беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы Алматы облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 500 мың теңгеден бір жолғы материалдық көмек беріледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған салтанатты қабылдау барысында айтты. 

Аталмыш сома жергілікті бюджеттен бөлінген. Облыста барлығы 91 соғыс ардагері бар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты қабылдауға келген ардагерлерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтай отырып, оларға мықты денсаулық, сергек көңіл, ұзақ ғұмыр тіледі.


«Құрметті ардагерлер, сіздерді Жеңістің жарқын мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Соғыстың аяқталғанынан 74 жыл өтті. Бірақ сол сұрапыл жылдардағы біздің ата-апаларымыздың ерлігі әлі күнге біздің жадымызда. Өкінішке қарай, ортамыздағы соғыс ардагерлерінің қатары күннен күнге сиреп барады. Елбасының қамқорлығының арқасында ардагерлер мен басқа да санаттағы азаматтарға санаторийде тегін емделу мен оңалту шаралары үшін 470 млн. теңге бөлініп отыр. Сол сияқты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне қосалқы және көмекші құралдар үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Жеңіс күніне орай облыстық қазынадан әрбір соғыс ардагеріне бір реттік материалдық көмек ретінде 500 мың теңгеден беріледі», - деді Амандық Баталов.

Ардагерлер атынан Сарқан ауданынан келген Берлібек Ысқақов мерекелік құттықтау сөзін арнады.

«Мемлекет бізге қамқорлық жасап, үнемі көңіл бөліп, құрметтеп келеді. Біз балаларымыздың бейбіт өмір сүргенін, осы азаттығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білгенін қалаймыз және баршаңызға әрдайым ашық аспан, денсаулық пен бақытты ғұмыр тілеймін», - деді Б. Ысқақов.

Алғыс тілектерін аты аңызға айналған «паравоз апа» - Алтынай Есболатова және басқа да ардагерлер білдіріп, баталарын берді.

Загрузка...