Бас жаңалықтар
Соңғы қоңырау кезінде түлектерге қойылатын талаптар қандай?
19 Мамыр 2020, 13:53 141

Соңғы қоңырау кезінде түлектерге қойылатын талаптар қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық түлектер соңғы қоңырауға  және аттестат алу үшін бетперде немесе респираторларда келіп, екі метр қашықтықты сақтауы тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппарат кеңесінде вице-министр Шолпан Қаринова мәлімдеді.

Аттестаттарды тапсыру және соңғы қоңырау биыл 3-4 маусымға жоспарланған. Оқу орындарының әкімшілігі әрбір бітіруші сынып үшін іс-шараларды таза ауада, мектеп ауласында ұйымдастыруы тиіс.
Бір сыныпта соңғы қоңырау аяқталған соң 20 минут үзіліс болып, санитарлық өңдеу жасалады және келесі сынып түлектері үшін соңғы қоңырау басталады. Балалар арасындағы қашықтық – 1,5-2 метр. Барлық оқушыда маска мен респираторлардың болуы міндетті, - деді білім және ғылым вице-министрі.
Сондай-ақ, Шолпан Қаринова мектеп бітірушімен бірге аттестат алуға тек бір немесе екі ата-ана ғана келе алатынын атап өтті. Басқа қонақтарды мектепке шақыруға болмайды.
Биылғы оқу жылын бітіруге байланысты ешбір қаражат жинау жүргізілмеуі тиіс. Оған әрбір мектеп басшысы жеке жауап береді. Мектептің әкімшілігі және қамқоршылық кеңесі барлық ата-аналармен мектептерге немесе сынып жетекшілеріне, мұғалімдерге сыйлық жасауға болмайтындығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Әрбір іс-шараны өткізгенде мектеп әкімшілігі түлектерге жеке көзқараспен қарау керек. Осы іс-шараларды мектеп педагогтері мен 11-сынып жетекшілері ұйымдастырады, - деді Шолпан Қаринова.
Сонымен қатар, мектептерде аниматорлар, мерекелік агенттіктер, жеке студиялар іс-шаралар өткізуге, мерекелік үстел ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктермен қалада көшпелі экскурсиялар ұйымдастыруға, мейрамханаларда, дәмханаларда және басқа да көңіл көтеру мекемелерінде мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады.

Білім министрлігінің жоспары бойынша биылғы 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн режимде өтеді. Сынып жетекшілеріне сынып сағаттарын қашықтан ұйымдастыру тапсырылды.

16 сәуірден бастап коронавирустың пандемиясына байланысты қазақстандық оқушылар мен студенттер қашықтан білім алуға көшті. Онлайн режимде білім беру оқу жылының соңына дейін жалғасады.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...