СҚО полицейлері белгіленбеген жерде суға түсудің 25 жағдайын анықтады

15 Маусым 2021, 07:43
2425
Бөлісу:
СҚО полицейлері белгіленбеген жерде суға түсудің 25 жағдайын анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО полицейлері белгіленбеген жерде суға түсудің 25 жағдайын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Суға түсу орындарына рейд жүргізу – полицейлердің жаз кезіндегі жұмыстарының бірі. Суда қайғылы оқиғалардың орын алуын болдырмау үшін тәртіп сақшылары Төтенше жағдайлар қызметімен бірлесе белгіленбеген жағажайларды тексереді. СҚО-да ыстық күндер басталғалы 700-ге жуық рейд жүргізіліп, оқыс оқиғалардың орын алу қаупі жоғары арнайы жабдықталмаған орындарда суға түсудің 25 дерегі анықталды. Бұзушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы (Ортақ су пайдалану бұзу) бойынша ескерту жасалды. 

Полицейлер бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанып жасалса, екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны туралы еске салады. Бұдан бөлек, қалалық жағажайда күнде ювеналдық полицейлер кезекшілік атқарады. Олар жағажайға заңды өкілдерінсіз келетін балалармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, ересектердің бақылауынсыз суға түсу қаупін түсіндіреді. Сондай-ақ полицейлер ата-аналармен әңгімелесіп, балаларды қараусыз қалдырмауға, судың қасында ойнауға жібермеуге шақырады.

Ювеналдық полицейлер де белгіленбеген жерлер бойынша рейдтер жүргізеді. Ата-аналар жағаға балаларымен келіп, спирттік ішімдіктер ішеді, бұл алаңдатарлық жағдай. Жағада алкоголь ішіп демалуға болмайтынын ұмытпаған жөн. Солтүстікқазақстандықтарды арнайы жабдықталған орындарда суға түсуге, жағажайда ішімдік ішпеуге және өмірлерін қауіпке тікпеуге шақырамыз, – деп хабарлайды СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш. 
Өзгелердің жаңалығы