Бас жаңалықтар
СҚО-да 80-ге тарта елді мекенді су басуы мүмкін
17 Сәуiр 2021, 14:48 240

СҚО-да 80-ге тарта елді мекенді су басуы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы аптада теріскейде тасқын қаупі арта түседі. Қазіргі күні бұл ауылдарды төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бақылауға алған. Қазірдің өзінде Сергеев су қоймасындағы су ернеуінен 167 сантиметрге асқан. Ақырындап мұз жүре бастады. Толық тасыған кезде жағдайды бақылаусыз қалдырмау үшін облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Қазсушар» мекемесі мен төтенше жағдайлар депапртаменті өкілдерімен кездесті.

«Қазсушар» републикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Шұғайып Ибатуллин өңірдегі жағдай мен су тораптарының қазіргі күйі туралы баяндады.

Ақпан-наурыз айларында қар жылдағы мөлшерден көп түскендіктен қауіп күшейгені рас, әрі 2017-ші жылғы жағдай қайталануы мүмкін деген болжам да болды. Дегенмен биыл көктем кеш келуіне байланысты, қар кеш ери бастады. Су тасқыны да 10-12 күнге кешігіп жатыр. Қазіргі уақытта Шағалалы өзені мен Үлкен Тораңғұл, Бозарал, Балықты, Сарыкөл көлдері бақылауға алынды. Әзірге тек Тайынша мен Аққайың аударындағы жағдайдан біраз қауіп бар, - деді Шұғайып Ибатулин.

Бүгінгі мәлімет бойынша Сергев су торабындағы су бөкет жотасынан 167 сантиметрге көтерілген. Су тасқынының алғашқы толқыны Петропавлға 4-5 күн ішінде келуі мүмкін дейді мамандар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиь Камаловтың айтуынша қауіп төнген аумақтарды судан қорғау үшін арықтар қазылып, су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса су қоймаларын да жіті бақылауда ұстап отыр.

Айыртау, Есіл және Шал ақын аудандарында республикаық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 10 учаскесін су басты. Ол жерлерде судың жолын бұру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күні облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпті сейілту мақсатында құтқарушылар мен өрт сөндірушілерден құралған арнайы жасақтар қаупі жоғары деп саналатын Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Тимирязев аудандарына аттанды. Олардың міндеті арнайы техникамен су сору, қорғаныс бөгендерін нығайту, үйлерді ағын судан қорғау. Бұл қызметке жеке құрамның 160 қызметкері мен 32 техника тартылды, - деді Рамиль Камалов.

Қазіргі күні қауіп негізінен Ақмола облыстсынан келетін Сілеті, Шағалалы, өзендерінен күтілуде. Сондай-ақ, Ақмола облысы аумағындағы Есілге құятын Колутон мен Жабай өзендерінің суы да тасқынынң екінші толқынын тудыруы мүмкін дейді мамандар.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы аумағында соңғы жылдары климаттық өзгерістер байқалуда. Сәуір айында ауаның орташа температурасы +4-+6 градусқа жетеді. Бұл қалыптасқан нормадан 1 градусқа жоғары дейді мамандар. Жалпы, соңғы жылдары климат жылынып, температура құбылмалы болып бара жатқан көрінеді. Бұны борандардың көбейуінен байқауға болады. Мысалға ең жылы қыс ретінде тіркелген 2019-2020 жылдың қысында орташа ауа температурасы нормадан 5-7 градусқа жоғары болған. Сәйкесінше циклон мен антициклондардың ықпалынан желдің екпіні де күшейді. Борандарда айналаның көрінуі 200-ден 50 метрге дейін шектелген кездері болды.

Алдағы күндері Солтүстік Қазақстан облысы ауқымды антициклонның ықпалында болады, бұлт торлап, ауа температурасы түнде 0-5 жылы, кей жерлерде – 3 градус аяз болады, күндіз 14-19 жылыға дейін, кей жерлерде 22 жылыға дейін көтеріледі. Екінші онкүндіктің екінші жартысында 17-20 сәуірде облыс бойынша суық атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты кей жерлерде жауын-шашын, қар, солтүстік бағыттағы желдің күшеюі секундына 15-20 метрге дейін жетеді, ауа температурасы түнде -2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Ал, мамырда жауын-шашын мол болады, орташа температура 12-13 градустың маңайында. Тек, соңғы онкүндігінде ғана 20- 25 градусқа дейін жылынады, - дейді «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мергалимова.

Ал, әзірге өзен-көлдерге жақын ауыл тұрғындарына ең алдымен өздерінің дайын болуын ескертеді мамандар. Өйткені, тосын табиғаттың сыйы таусылмайды. Сондықтан, алыс жолға шықпауға, әсіресе, балық аулау туралы ұмытулары қажет дейді мамандар.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...