СҚО-да 230 мыңнан астам адам КВИ-ға қарсы екпе салдырды

10 Шілде 2021, 10:21
3668
Бөлісу:
СҚО-да 230 мыңнан астам адам КВИ-ға қарсы екпе салдырды

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі күнге дейін 230 мыңнан астам адам коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салдырды.

Олардың 151 831-і бірінші, 79 105-і екінші компонентін салдырған. Жалпы, өңірде ұжым болып вакцина салдырушылар қатары артып келеді дейді мамандар. Солардың бірі Петропавлдағы «Қызылжар-Су» кәсіпорны. Бұл жерде 700-ден астам адам еңбек етеді. Оның 116-сы індет тырнағына ілігіп, аман қалғандар. Сондықтан, ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды дейді жұмысшылар.

Былтыр ел бойынша төтенше жағдай жарияланған кезде жұмысшылардың 50 пайыздан астамы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Ал, біздің қызмет тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасайтын болғандықтан, айтарлықтай қолайсыздық тудырды. Сондықтан, биыл ұжым болып, бірауыздан екпе салдыруды бастадық. Біздің міндетіміз әр үйге таза су жеткізу, су таза болуы үшін өзіміз де аурудан ада болуымыз керек деп есептеймін, - дейді «Қызылжар-Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Ысқақова.

Осыған орай кәсіпорын ғимаратында екпе пункті ашылған. Қазіргі күні жұмысшылардың 80 пайыздан астамы вакцина салдырған. Солардың бірі Евгений Новожилов. Ол кәсіпорынға қарасты спорт кешенінің әкімшісі.

Мен коронавирус дертімен ауырған жоқпын. Сондықтан, мобильдік топ келеді дегенде қуанғандардың бірімін. Жұмыстың басында, өз қызметімді атқара жүріп салдырып алдым. Ешқандай ауырсыну, басқа да жағымсыз әсерлері болған жоқ. Екі компоненті де жеңіл қабылданды. Бұл өзіміз үшін ғана емес, әріптестеріміз, тұтынушыларымыз үшін маңызды деп ойлаймын. Сондықтан одан қашпай, екпені салдыру керек, - дейді Евгений Новожилов.

Петропавлдағы 2-нші қалалық емханаға қарасты 5 бірдей пунктте екпе салады. Күніне 200-ден астам адам вакцина салғызады. Жалпы, осы емханада ғана 7300 адам екпе салдырыпты.

Қазіргі күні ресейлік Спутник V, отандық QazVac пен қытайлық вакцина ғана бар. Адамдардың белсенділігі жоғары. Өзінің, жақындарының амандығы үшін екенін жақсы түсінеді. Ең бастысы, осы пандемиялық жағдай тезірек аяқталса деп тілейді, - дейді №2 қалалық емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі Бегайым Мейманова.

Жалпы, облыс бойынша100-ге тарта екпе кабинеті жұмыс істейді. Оның 26-сы Петропавл қаласында болса, қалғандары ауданда.



Өзгелердің жаңалығы