Өскемендіктер коммуналдық төлемдерді бір шотпен төлейтін болды

5 Ақпан 2019, 09:33
2439
Бөлісу:
Өскемендіктер коммуналдық төлемдерді бір шотпен төлейтін болды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бұдан былай Өскемен қаласының тұрғындары коммуналдық төлемдерді біртұтас түбіртек арқылы төлейтін болды. «Қазпошта» АҚ базасында жасақталған жаңа есептеу орталығы әзірге бес коммуналдық кәсіпорынды біріктіріп отыр. Бұл жөнінде ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Сегіз жыл бұрын жасақтала бастаған жоба бойынша 2018 жылдың 1 желтоқсанында «Қазақтелеком» АҚ, «Өскемен Жылу жүйелері» АҚ, «Өскемен-Водоканал» КМК, «Өскемен-Тазалық» ЖШС, «Өскемен спецкоммунтранс» ЖШС сияқты бес кәсіпорын арасында бірлесе жұмыс істеу және ынтымақтастық меморандумы бекітіліп, Өскемен қаласының әкімінің қолымен бекітілді. Аталмыш жобаның басты мақсаты – барлық коммуналдық төлемдерді азаматтарға бір түбіртек арқылы төлеуге мүмкіндік беріп, әр төлемге алынатын қосымша комиссиялар мөлшерін азайту. Сонымен қатар, аталмыш шараның маңызды міндеттері кез-келген жеткізушінің қызметін төлеу, тұтынушылардың бірыңғай базасын құру, төлем жасаудың әртүрлілігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта тұтынушылардың аты-жөндері мен тұратын көшелері мекенжай тіркелімі базасымен салыстырылып жатыр»,- дейді Өскемен қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Жапбаров.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш жобаны іске асыруға қандайда бір бюджеттік қаржы қарастырылмаған. Мұндай орталықтар қазіргі уақытта Астана және Алматы қалаларында жұмыс істеп тұрғанын айтқан Нұржан Ермаханұлы ақпан айының ортасынан бастап азаматтарға бірыңғай төлем түбіртектерінің келе бастайтынын алға тартты.

«6 ақпанға дейін қызмет көрсетуші кәсіпорындардың базаларындағы тұтынушылардың деректері салыстырмалы түрде тексерілетін болады. Қателіктердің барлығын қызмет көрсетуші кәсіпорындар өздері түзетеді. Барлық проблемалық мекенжайлар тізімі қалалық әкімдіктің ресми сайтына қойылады. Сондай-ақ, барлық сұрақтар бойынша азаматтар «Қазпошта» АҚ базасындағы 505-742 анықтама телефонына қоңырау шалып біле алады. Мұнымен қатар біздің бақылаушыларымыз әр пәтерге жеке келіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады», - дейді «Қазпошта» АҚ ШҚ ОФ директорының орынбасары Гүлназ Оразаева.

Алдағы уақытта аталмыш жүйеге домофон, лифт қызметін көрсетуші компаниялар мен пәтер иелері кооперативтерін де енгізу жоспарда барын хабарлаған ол қазіргі уақытта кабельді телеарналарды таратушы ALMA TV компаниясының бұл жобаға қызығушылық білдіріп отырғанын тілге тиек етті. Әзірге біртұтас төлем түбіртектері бойынша тек «Қазпошта» АҚ, «Халық банкі» АҚ бөлімшелері мен POST.KZ мобильді қосымшасы арқылы ғана қабылданатын төлемақының алдағы наурыз айынан бастап «Каспий банктің», «Халық банкінің», «Касса24» және «киви-кошелек» терминалдары мен сайттарынан төлеу мүмкін болмақ.

«Жеке тұлғаларға қай қызмет түрін бірінші кезекте төлеуге мүмкіндік беріледі. Нақтылап айтсақ, тұрғын бірінші кезекте жылу төлемақысын жасап, қоқыс мен судың ақысын сәл кейінірек төлеуіне болады. Ол үшін «Қазпошта» операторы әр мекеме бойынша деректерді жекелеп енгізіп, әлі қызмет ақысы төленбеген мекемелерді шотына нөл санын қояды. Азаматтарға бұрынғыдай бірнеше шоттың нөмірін есте сақтаудың қажеті жоқ. Бар болғаны пошта бөлімшесіне келіп өзінің мекенжайын айтса болғаны, барлық төлем деректері экраннан шығып тұратын болады», - деп қосты Гүлназ Оразаева.

«Қазпошта» АҚ өкілінің айтуынша, әр азамат мүмкіндігі болса POST.KZ сайтына тіркеліп, жеке кабинетін ашып қойғаны жөн. Жеке кабинетке әр айдың төлем түбіртектерінің электронды нұсқасы түсіп отырады. Бұл бірінші кезекте төлем түбіртектері үйіне жетпеген немесе жоғалып қалған азаматтар үшін ыңғайлы болмақ.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы