Бас жаңалықтар
Өскемендік құтқарушылар тасқын суға қатысты шеберлік сағатын өткізді
29 Наурыз 2020, 18:35 227

Өскемендік құтқарушылар тасқын суға қатысты шеберлік сағатын өткізді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Болуы мүмкін тасқын судың алдын алуға даярлау мақсатында өскемендік құтқарушылар қала тұрғындарына арнап шеберлік сағатын өткізді.

Қаланың Юннатов көшесінің тұрғындарына қарғын суға қауқар көрсетудің амалдарын үйреткен қалалық төтенше жағдай қызметінің офицерлері тұрғын үйлерді қауіпсіз етудің бірнеше жолын көрсетті. Бірінші кезекте үй маңдарындағы қарды тазартып, сонан соң қар суы ағатын каналдарды қоқыстан арылтты. Келесі кезекте инертті материалдар салынған қаптарды жол жиегіне жинап, қарғын судан қалқан жасады. Сондай-ақ бағалы заттар мен азық-түліктер жертөлелер мен су басу қаупі бар аумақтардан алынды. Осылайша құтқарушылар барлық шаралар уақытылы қолға алынса тұрғын үйлерді су тасқынынан сақтап қалуға болатынын көрсетті.

Осы көшенің тұрғыны болып келемін. Төтенше жағдай қызметкерлерінің бұл іске осылайша ұқыптылық танытып, тұрғындарды алдағы су тасқынына даярлап жатқаны көңіліме қуаныш ұялатады. Бүгін біз өз үйлерімізді қарғын судан қалай аман алып қалудың жолдарын үйрендік. Көше тұрғындары төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің өткізген шеберлік сағаттарына асқан қызығушылықпен қатысты, - деді Юннатов көшесінің тұрғыны Николай Александров.

Қоса кетсек, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастаған топ Алтай ауданындағы су тасқыны қауіп төндіретін орындарды тексеріп қайтқан болатын. Комисия мүшелері аталмыш ауданындағы су тасқыны болуы ықтимал Тұрғысын, Малеевск, Снегирево, Соловьево, Путинцево ауылдары мен Зубовск кентінде және Алтай қаласында болды. Сапар барысында су өткізетін құбырлар мен көпірлердің тазалануы, қаптар мен инертті материалдар қоры да тексерілді. Су шығаратын жабдықтардың жұмысқа қабілеттілігі тексеріліп, азаматтық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы 32 мотопомпаның жұмысқа жарамдылығы сыналды. Тексеру барысында бірқатар ескертулер айтылып, жауапты тұлғаларға су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазалау, өзендердегі сең қозғалысы мен аудан аумағындағы өзендердегі су деңгейін бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.


Фото: дереккөз
Загрузка...