Өскемендік хирургтар кезекті рет жоғары технологиялық ота жасады

7 Наурыз 2019, 09:35
2360
Бөлісу:
Өскемендік хирургтар кезекті рет жоғары технологиялық ота жасады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық мамадандырылған медициналық орталықтың дәрігерлері өз ағзасы өт қышқылына улана бастаған пациенттің өміріне араша түсті. Қатерлі ісіктің алдын алған хирургтар бұл жолғы отаны да жоғары технологиялық құрылғыда жасаған.

Өскемен қаласының 60 жастағы тұрғыны аталмыш медициналық орталыққа механикалық сары ауру диагнозымен түскен. Алайда тексеру жүргізген дәрігерлер оған Клацкин ісігі диагнозын қойған. Денсаулығындағы кінәратты осыған дейін өзге дертпен байланыстырып жүрген науқас әйел өзінен мұндай қауіпті дерттің анықталатынын тіптен аңғармаған.

"Өт жолында ісік пайда болған. Осының кесірінен өт қышқылы ағзаны улай бастаған. Билирубин көрсеткіші ондаған есе көбейіп кеткендіктен орталықтың эндоваскулярлы хирургтары мен интервенттері жедел іске кірісті. Алғаш рет шағын инвазивті әдіс қолданылдық. Ота ангеограф аппаратымен жергілікті анестезия беру арқылы жасалды", - дейді эндоваскулярлы хирург Жасұлан Бегәлімов.

Пациент келесі күні-ақ аяғына тұрып кеткен. Ендігі кезекте ол әрі қарай тексерістен өтіп, денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды. Жалпы, облыстағы роботты хирургия саласы біртіндеп ота жасау ауқымы мен түрлерін көбейтіп келеді. Жоғары технологиялық медициналық аппараттармен жасалатын оталар арқылы "бір күндік хирургияны" дамыту көзделіп отыр.

"Біз жаңа құрылғы арқылы жасалатын оталар ауқымын көбейтіп отырмыз. Қазірдің өзінде-ақ жаңашылдығымыз аз емес. Десек те, мұнымен тоқтап қалу міндет емес. Әлі үйренеріміз де, енгізетін жаңашылдығымыз да бар", - деп қосты Шығыс Қазақстан облыстық Мамандандырылған медициналық орталықтың рентген-эндоваскулярлы зертханасының меңгерушісі, дәрігер-нейрохирург Мұхтар Қорабаев.

Өзгелердің жаңалығы