Өскемендегі жоба. Велосипеді жоқ балалар қуанып жатыр

2 Маусым 2019, 10:18
2044
Бөлісу:
Өскемендегі жоба. Велосипеді жоқ балалар қуанып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қиялындағы велосипедіне қол жеткізе алмай жүрген өскемендік 12 баланың жазғы демалыста армандары орындалды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

Жоқшылық қолбайлау болып отырған қаншама отбасы бар. Ал «ноқта-жүгені сыпырылып» оқудан босаған кез келген ойын баласының жаздағы арманы – велосипед. Өскеменнің автолесарь-студенттері осы армандарды орындауға кірісіп кетіпті. Қалай дейсіз ғой?

Біреудің гаражында, біреудің қорасында немесе балконында ешкімге керексіз жатқан ескі великтер бар ғой. Міне осындай темір-терсекке Өскеменнің болашақ автошеберлері жан бітіреді.

Жоба авторы Владимир Столбовскийдің айтуынша, әлеуметтік желі арқылы үндеу жарияланған соң, ескі велосипедтерін арқалап келгендер көп болыпты.

«Оның ішінде 40 жыл бұрынғы раритеттер де бар. Бірінің бөлшегін біріне салып, жетпегенін сатып алып, 12 велоспед құрап-жөндеп шығардық. Барлық велосипедтер халықты әлеуметтік қорғау мамандарының көмегі арқылы мұқтаж балаларға берілді», - дейді ол.

Жігіттер жаз кезінде тағы да ескі велосипедттер жеткізілгенін қалайды, себебі армандаған велосипедтерін күтіп отырған балалардың саны өте көп.

Үйіңізде ескі велосипед болса, мына мекенжайға әкеліп тапсыруға болады: Шәкәрім көшесі – 79.

Өзгелердің жаңалығы