Баспанасыз қалған екі тұрғынға уақытша тұрақ берілді

7 Қазан 2020, 16:09
1792
Бөлісу:
Баспанасыз қалған екі тұрғынға уақытша тұрақ берілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше жылын темір торда өткізіп, үй-күйсіз қалған Өскеменнің екі тұрғынына жергілікті пробация қызметі қолұшын созып, уақытша баспана тауып берді.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, түрме босағасын көрген кейбір адамдардан туған-туыстары теріс айналып жататыны бар. Ал баспанасыз қалған адамның өмірінің қандай болатыны белгілі. Қала көшелерінде өмір сүруге мәжбүр. Ал Өскемен қаласында осындай жағдайға тап болған адамдарды қабылдайтын бірден бір мекеме – қалалық әкімдікке қарасты «Өмірлік жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық» екені рас, – дейді ШҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Өскемен қаласының пробация қызметіндегі аға инспектор Айдар Садықов.

Облыс орталығы Өскемен қаласынан 20 шақырым қашықтағы Белоусовка елді мекенінде орналасқан аталмыш ұйым бір уақытта 120 адамға әлеуметтік көмек көрсетумен айналысады. Полицейлер мен орталықтың мобильді тобындағы қызметкерлер баспанасыз қалған адамдарды барынша құтқарумен айналысады. Мұнда жеткізілген әр адам медициналық тексеруден және ем алғаннан кейін тамақтандырылып, киіндіріледі, сонан соң жұмысқа орналастырылады.

Осындай бір мысал – жақында облыс орталығының пробация қызметінде осыған дейін сотты болып, тіркеуде тұрған қос тұлғамен сөйлесу кезінде олардың баспанасыз жүргені анық болды. Қыс мезгілі болса жақындап қалды. Біз оларға бас қалқа тауып беру мақсатында сұраныс хатын жолдадық. Көп ұзамай Белоусовка кентіндегі аталмыш мекемеден оларды қабылдайтыны туралы жауап алдық. Біздің қызметкерлер көп ұзамай екі азаматты әлеуметтік мекемеге апарып, орналастырып қайтты, – деді Айдар Садықов.

 


Өзгелердің жаңалығы