Өскемендегі атты патруль бір жарым айда алты қылмыстың бетін ашқан

16 Маусым 2020, 18:16
2444
Бөлісу:
Өскемендегі атты патруль бір жарым айда алты қылмыстың бетін ашқан
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендегі кавалериялық патруль жаз маусымы басталғалы бері алты қылмыстың бетін ашып, отқа оранған саяжайды өшіріп, адам өмірін арашалаған. 

Міне, Өскемен қаласындағы өзен жағасы мен саяжай аумақтарын көз ілмей күзететін тәртіп сақшыларының атты патрульдеу қызметінің жұмыс нәтижесі осы. Соңғы жылдары қала маңындағы профилактикалық шараларға үлес қосып жүрген өскемендік кавалеристерге биыл 23 жыл. 

  6 қылмыстың бетін ашқан 

26 полиция қызметкері жұмыс істейтін кавалериялық взвод қала іргесіндегі ауыл-аймақ пен саяжайларда қылмыстың алдын алуда. Еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жер-жерде құрылған осындай кавалериялық взводтардың жұмыс істегеніне ширек ғасырға таяған. Күнделікті қызметтік аттарымен сапқа тұрып, тапсырма алатын тәртіп сақшылары қала маңындағы 25 саяжай мен ауылдардың аумағын аралап, жергілікті тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. 

IMG_20200615_100237.jpg

Атты патрульдің артықшылығы оның көлік өте алмайтын жерлермен жүре алуында. Патрульдеу топтарымыздың қала маңындағы жеке тұрғын аудандар мен саяжайлардағы, ауылдардағы қоғамдық тәртіпті қадағалайтындықтан кей кездері ойлы-қырлы жерлермен жүруге мәжбүр болып жатады. Өздеріңіз білесіздер, Өскеменнің маңы тау-тасты болып келеді. Жеке тұрғын үйлерде тұратын адамдар мал асырап жатады. Мұндай жерлерде мал ұрлығы да болып тұратыны рас. Сол кезде бізге шақыртулар түсіп, патрульдік топтарымыз аттанады, – дейді Өскемен қалалық Полиция басқармасына қарасты кавалериялық взводтың командирі Архат Қырықпаев. 
Мұның бір дәлелі саяжай маусымы ашыла патрульдеу жұмыстары басталатын кавалериялық взвод қызметкерлерінің 6 қылмыстың бетін ашып, тұрғындардың қолды болған 23 бас малын тауып беруге көмектескені. Карантиндік шараларға байланысты жұмыстары сәл кешігіп басталған атты патрульдің жауынгерлері саяжай аумақтарының бірінде тұтанған тілсіз жауды ауыздықтауға да қатысып үлгерген екен. 
Жақында қала іргесіндегі саяжайлардың біріндегі ағаш үйден өрт шыққан болатын. От тез тұтанып, жақын маңдағы басқа саяжайларға жайылып кету қаупі туындағандықтан, біздің қызметкерлеріміз оқиға орнына жедел жетіп, өрт сөндірушілер жеткенше қызыл жалынды өз күштерімен сөндіруге кіріскен, – дейді полиция капитаны Архат Қырықпаев. 
Күн сайын таңғы уақытта аттарына тоқым жауып, ер-тұрманын артып, айылын тартқан соң әр топ қажетті тапсырмаларын алады. Содан кейін қала маңын күзетуге аттанады. Таңғы сағат 10.00-ден кешкі 17.00-ге дейінгі аралықта патрульдеу жұмыстарын жүргізген кавалериялық взвод қызметкерлері бірден үйге қайтпай, қызметтік аттарды жуындырып, жалын тарап, жай-күйін бақылаған соң ғана үйлеріне тарайды. 

IMG_20200615_103803.jpg

Кавалериялық взвод қызметкерлері патрульдеу кезінде бір топқа екі адамнан шығады. Өйткені, қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды құрықтау кезінде бір қызметкер жылқыларды ұстаса, екінші полицей күдіктіні ұстап, патрульдік полиция көлігіне жеткізеді. Патрульдеуге шығатын жылқыларды шаршатпау мақсатында оларды кезекшілікке күн аралата кезектестіре шығарып отырады. Бұдан бөлек, кавалериялық взвод қызметкерлері қала ішінде өтетін түрлі мерекелік және басқа да шаралар кезінде көпшілік жиналатын аумақтың айналасындағы қоғамдық тәртіпті қадағалап отырады. 


  Ауыл баласын алуға тырысамыз... 

Архат Сағдатұлының айтуынша, бұл жұмысқа көбінесе жастайынын ат жалында өскен ауыл баласын алуға тырысатын көрінеді. Дегенмен, қатардағы полиция қызметкерлерінің ішінде қалалы жерде туып-өскен жігіттер де аз емес екен. Солардың бірі - кіші сержант Азамат Айтжанов Семей қаласының тумасы. 

Азамат Айтжанов.jpg

Өзім таза қаланың баласы болып өстім. Бірақ бала кезімнен атқа мінуді жақсы көрдім. Полицияның кавалериялық взводы қатарына жұмысқа кірген соң арманым орындалды десе де болады. Атты баптап, онымен ауыл-аймақты патрульдеу қиынға соққан жоқ. Бірден үйреніп кеттім. Қазір өзіме бөлінген қызметтік жылқыны күнделікті күтіп-баптап, әр күнгі патрульдеу жұмысына сақадай-сай етіп қоямын, – дейді Азамат Айтжанов. 
Ал "Тайфун" атты сәйгүлікті тізгіндеген Саят Сейтқазин Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тумасы. Ол кавалериялық взвод құрамына келгелі көп болмағанымен ауыл баласының жанына жақын жұмыс істейтінін мақтан ететінін жасырмады. 

Саят Сейтказин.jpg

Таңнан кешке дейінгі аралықта созылатын жұмыс кезінде жеке тұрғын аумақтардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Жалпы, жұмысымыз қызықты. Күнделікті жаңа адамдармен танысып, тұрғындардың тұрмыс-тіршіліктерін бақылаймыз. Астымдағы қызметтік ат өзіме бекітілгендіктен оны күтіп-бағу да өз мойнымда. Жұмыстан кейін жануарды жуындырып, жалын тарап, тамағын берген соң ғана үйге қайтамын, - дейді Саят Бейбітұлы. 

  Қыс мезгілінде қорада тұрады 

Жыл он екі ай қораға қамап қоюға келмейтін қамбар ата түлігін жұмыс уақыты аяқталған соң взвод қарамағында жұмыс істейтін екі жылқышы қала маңындағы қырға апарып жайып келеді. Сәйгүліктердің денсаулығын штаттағы ветеринар маман қадағалап отырады. Ал қыс мезгіліне қарай саяжай аумағында адам аяғы саябырсып, қылмыс азаятыны белгілі. Осыған байланысты қара күзге дейін патрульдейтін кавалериялық взвод жылқыларды қораға қойып, өздері қала ішіндегі жаяу патрульдейтін полиция қызметкерлерінің қатарына қосылады. 

Архат Крыкпаев.jpeg

Қыс мезгілінде жануарларды күтіп-бағу штат құрамындағы екі жылқышымыздың міндетінде. Олар күнделікті оларды қарап, жем-шөбін салып, суарып отырады. Ал ветеринар дәрігеріміз аптасына, айына бір рет толық тексеріп, денсаулықтарын бақылайды. Әр жылқының төлқұжаты бар. Малдың қысқы азығын әр жылқы басына есептеп, ер-тоқым сияқты құрал-жабдықтарын да мемлекеттік сатып алулар арқылы алып отырамыз, - деп қосты Архат Қырықпаев. 
Кавалериялық патрульдер әлемнің көптеген елінде ерте заманнан бері қолданылып келеді. Тағаның тақылы сирек естілетін қалалы жер үшін салт атты форма киген адамның қала образына ерекше эстетикалық көрініс беретіні рас. Дегенмен, қазақ халқына жат емес бұл қызметтің маңыздылығы әлі де жоғалған жоқ. Қоғамдық тыныштықты күзететін кавалериялық патрульдер соңғы жылдары ішкі істер саласында таптырмайтын салаға айналып, көптеген қылмыстың ашылуына түрткі болған. 

  Кавалериялық патрульдер 

Патрульдік полицияның кавалериялық взводтары 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес құрылған болатын. Өскемен қаласында алғашқылардың бірі болып ашылған кавалериялық взвод қазіргі уақытта Меновное ауылында орналасқан. Онда 26 кавалерист-полицей мен 24 жылқы бар. 

Өзгелердің жаңалығы