Өскемен және Семей қалаларына қосымша карантиндік шектеулер енгізіледі

31 Наурыз 2020, 12:41
2159
Бөлісу:
Өскемен және Семей қалаларына қосымша карантиндік шектеулер енгізіледі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2 сәуірден бастап Шығыстың басты екі қаласына қосымша шектеулер енгізіліп, қала тұрғындары арнайы рұқсат қағаздармен жүріп-тұра алатын болады.

Бұл туралы бүгін өңір басшысы Даниал Ахметов өзінің Инстаграммдағы ресми парақшасында хабарлады.

Халықтың денсаулығын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында, Мемлекеттік комиссиямен келісе отырып, Сіздердің ұсыныс, өтініштеріңіз бойынша, Өскемен мен Семей қалаларында, 2020 жылғы, 2 сәуірде, сағат 00.00-ден бастап, қосымша шектеулер енгізіледі. Шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Сонымен қатар, бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін "жасыл дәліз" ашылды. Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілді. Бір апта ішінде қоғамдық көлік қатынасы қысқартылады. Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жеке кесте бойынша жеткізетін болады, - деді облыс әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ 6 сәуірден бастап, жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері, көлік нөмірі 0-ді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері, көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді. Бұдан бөлек, 6 сәуірден бастап, Өскемен, Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады. Рұқсат қағаздарының бірінші түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналса, екінші түрі - әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады.

Рұқсат қағазының жасыл түсі - жұп күні, ақ түсі - айдың тек, тақ күндері шығуға мүмкіндік береді. 2 сәуірден бастап, азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады. Айта кетейін, бұл қызмет түрлерін үйде көрсетуге қатаң тыйым салынады. Өскемен және Семейдегі, жасы 70-тен асқан жерлестеріме, І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, үйден шықпауларын сұраймын. 1 сәуірден бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріңізге жеткізетін боламыз. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар, азық-түлік өнімдерінің 19 түрі, гигиена құралдарының 10 түрі кіретін 4 жинақ жасалды. Жеткізу аптасына бір рет тегін болады, - деп қосты Даниал Кенжетайұлы.

Сонымен қатар еліміздегі төтенше жағдай ескеріле отырып, жақын арада Жеңіс күніне арналған біржолғы төлемдерді беру басталады. Соғыс ардагерлеріне 600 мың теңгеден, марапатталған тыл еңбеккерлеріне 100 мың, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42,5 мың теңгеден беріледі.

Қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілді. Өскемен 200, Семей 202 шаршы аумаққа бөлінді. Күш құрылымдары үш ауысым бойынша іске кірісті. Коммуналдық және байланыс қызметтері үздіксіз жұмыс атқаратын болады. Құрметті жерлестер, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймын! Коронавирус пандемиясына, біз, тек бірлік, жауапкершілік, өзара бірге әрекет етудің арқасында ғана, қарсы тұрамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!, - деді облыс әкімі өз сөзінде.

 


Өзгелердің жаңалығы