Өскемен мен Семейде кәсіпкерлерге рұқсаттама қағаздарын тарату аяқталды

5 Сәуір 2020, 09:30
2036
Бөлісу:
Өскемен мен Семейде кәсіпкерлерге рұқсаттама қағаздарын тарату аяқталды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қосымша шектеулер енгізілген Өскемен және Семей қалаларындағы кәсіпкерлерге рұқсаттама қағаздары таратылды.

Кешеден бері қалалық әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімінің табалдырығын тоздырған дүйім жұрттың аяғы бүгін кешке қарай саябырсыды. Екі күн бойы қажетті рұқсаттама қағазды алуды мақсат еткен қала кәсіпкерлерінің қара-құрым кезегі әлеуметтік желі қолданушыларының басты әңгімесіне айналып үлгерген еді.

Төтенше жағдай кезінде бірінші қажеттіліктегі тауарларды дүкендерге жеткізетін тасымалдаушылармен қатар дүкен иелері де бүгін рұқсаттамалар алды.

Бізде біраз ажиотаж болғаны рас. Кәсіпкерлер қалалық әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімінің алдында жиналды. Қала әкімінің өзі бұл жұмысқа араласып, бөлімдердің қызметкерлері реттелген тізім бойынша кәсіпкерлерді кезекпен шақырып, рұқсаттама қағаздарын тараттық, - дейді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Естеріңізде болса, 2 сәуірден бастап Шығыстың басты екі шаһарында карантинге байланысты қосымша шектеулер енгізілген болатын. Шектеулерге байланысты қалаларда жеке автокөліктердің сенбі, жексенбі және мерекелік күндері жүруіне мүлдем тыйым салынды. Ал аптаның жұмыс күндері жеке автокөліктер мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің соңғы санына байланысты жұп және тақ санды күндері жүретін болады.

Өзгелердің жаңалығы