Өскемен іргесінен атауы жоқ ауыл табылды

15 Ақпан 2019, 20:17
2165
Бөлісу:
Өскемен іргесінен атауы жоқ ауыл табылды

Алматы, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменнің іргесінен атауы жоқ елді мекен табылды, деп хабарлады «Хабар 24». 


100-ден астам отбасы тұрып жатқан бұл ауыл туралы шаһар басшылығы мүлдем бейхабар болған. Электр жарығын жекеменшіктен сатып алып, ауызсуды құдықтан тұтынып отырған ауылда жер инфрақұрылымы мүлдем жоқ. Қала әкімінің есеп беру кездесуінде ғана картаға кірмей қалған ауылдағы проблема көтеріліп, назарға алынған. Осыдан соң ғана басшылық назарын аудара бастаған. 

Тұрғындардың айтуынша, бұл жер осыдан 8 жыл бұрын пайда болыпты. Ол кезде жекеменшік жер беріліп, жұрт үй соғып алған. 

«Бізге аурухана, мектеп, балабақша мен ыстық, суық суы бар үлкен елді мекен болады деп айтылды. Бас жоспарда осының барлығы қарастырылған екен. Алайда қанша жыл өтті, соның бір де бірі жоқ. Тіпті ресми атауымыз да жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Сара Ламбукова.

Атауы жоқ бұл ауылдағы тағы бір проблема – тұрғындар электр энергиясының 1 килловатын 17 теңгеден төлеп, жекеменшік трансформаторлардан сатып алуға мәжбүр. Ал ауызсу мүлдем жоқ. Ауыл тұрғындары бір тұрғынның жеке құдығынан ауызсу ішіп отыр. 

«Көлік қатынасы жоқ. Мысалы, ауырып қалсаң, жәдел жәрдем бұл жерге келе алмайды. Жол жоқ, қоғамдық көлік деген кіре алмайды, қар қалың», - дейді ауыл тұрғыны Қайдар Ақшамбаев.

Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Тамара Рахымжанова жер телімі берілгенде адамдар ешқандай коммуникация жоқ екенін алдын ала білгенін айтты. 

«Дегенмен, тұрғындардың шағымынан соң бізге тапсырма берілді. Электр энергиясы және ауызсумен қамту үшін техникалық сараптама жасайтын боламыз. Шаруаларға қанша қаражат керек екені есептеледі», - деді ол. 

Енді бұл ауылға ресми атау берілуі мүмкін. Елді мекен Меновное кентінің аумағына қарасты болып шықты. Қазір ауыл ішіндегі жолдар қардан тазаланған. Енді жаз басында қиыршық тас төселеді деп жоспарлануда. Осылайша, қордаланған мәселелер кезек-кезегімен шешіліп жатыр, тек осы бастама аяқсыз қалмаса екен дейді тұрғындар.
Өзгелердің жаңалығы