Бас жаңалықтар
Өскемен қаласының шағын аудандары басты назарда болмақ
26 Наурыз 2019, 21:44 675

Өскемен қаласының шағын аудандары басты назарда болмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласының әкімі бір ай ішінде қаланың әрбір ауданы мәселесін шешу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар биыл басты назар облыс орталығының шеткері орналасқан шағын аудандарына аударылмақ.

Мәселе тізбесі екі санатқа бөлінеді. Біріншісі - қалалық бюджеттің есебінен шұғыл түрде шешуге болатын мәселелер. Екінші санат облыстық немесе республикалық бюджет есебінен шешілуі мүмкін неғұрлым ауқымды мәселелерді қамтиды.

«Біз әрбір шағын аудан бойынша мәселені жоспарлы түрде басымдықты дұрыс бере отырып шешуіміз керек. Бірінші кезекте облыс әкімінің тапсырмасы бойынша халықтың өмір сүру сапасын айтарлықтай арттыратын мәселелер шешімін табуы тиіс», - деді қала әкімі аппараттық кеңес барысында.

Қоса кетсек, осыдан бір апта бұрын өңір басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласының 20 және 21 шағын аудандарының тұрғындарымен кездесіп қайтқан болатын. Бірнеше жүз метр жерде көпқабатты тұрғын үйлер орналасса да жарық пен суға жарымай отырған аудан тұрғындары осындай күй кешкендеріне 10 жыл болғанын алға тартты. Үйін жарықтандырып, ас пісіруге электр энергиясын бензинмен жұмыс істейтін электр генераторынан, ауызсуды есік алдындағы құдықтан алып ішетіндерін айтып шағымданған тұрғындар жол жағдайының да көңілді жабырқатарлық екенін тілге тиек еткен еді.

Шағын аудан тұрғындарының арыз-шағымын тыңдаған өңір басшысы қала әкіміне жағдайды бір жарым ай ішінде шешуді тапсырды.

«Мамыр айының басына қарай бұл ауданға электр энергиясын тартыңдар. Бұл мақсатқа 12 миллион теңге қарастырамыз. Сонымен қатар үй арасындағы жолдарға уақытша қиыршық тас төгіп, тегістеу қажет», - деді Даниал Кенжетайұлы.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық