Өскемендегі тұрғын ауданға жарық тартыла бастады

6 Сәуір 2019, 20:23
2459
Бөлісу:
Өскемендегі тұрғын ауданға жарық тартыла бастады
PHOTO

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласының жаңадан бой көтерген тұрғын аудандарына инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.

Осыдан бірнеше апта бұрын өңір басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласының 20 және 21 шағын аудандарының тұрғындарымен кездесіп қайтқан болатын. Бірнеше жүз метр жерде көпқабатты тұрғын үйлер орналасса да жарық пен суға жарымай отырған аудан тұрғындары осындай күй кешкендеріне 10 жыл болғанын алға тартты. Үйін жарықтандырып, ас пісіруге электр энергиясын бензинмен жұмыс істейтін электргенераторынан, ауыз суды есік алдындағы құдықтан алып ішетіндерін айтып шағымданған тұрғындар жол жағдайының да көңіл жабырқатарлық екенін тілге тиек еткен еді.

Шағынаудан тұрғындарының арыз-шағымын тыңдаған өңір басшысы қала әкіміне жағдайды бір жарым ай ішінде шешуді тапсырды.

«Мамыр айының басына қарай бұл ауданға электр энергиясын тартыңдар. Бұл мақсатқа 12 миллион теңге қарастырамыз. Сонымен қатар үй арасындағы жолдарға уақытша қиыршық тас төгіп, тегістеу қажет», - деген болатын Даниал Кенжетайұлы.

Өскемендегі тұрғын ауданға жарық тартыла бастады

Облыс әкімінің тапсырмасын орында убарысында атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен танысуды мақсат тұтқан Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бүгін қаланың шағынаудандарына ат басын бұрды.

Қазіргі уақытта 2 тұрғын ауданда электр желісінің 70 бағаны орнатылған. Жақын арада үйлерге электр сымдары тартылып, көше жарықтары пайда болады.  

Сонымен қатар Ілияс Есенберлин даңғылының бойындағы жаңадан салынған үйлердің кіреберіс жолдарына қиыршық тас төселеді.

Өскемендегі тұрғын ауданға жарық тартыла бастады


Өзгелердің жаңалығы