Өскемен қаласындағы қоғамдық көлік электронды билеттеуге көшіріледі

22 Сәуір 2019, 22:02
2476
Бөлісу:
Өскемен қаласындағы қоғамдық көлік электронды билеттеуге көшіріледі

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласындағы қоғамдық көлік бағыттары автоматтандырылған билеттеуге көшірілмек. Бұл жөнінде бүгін облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат отырысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

«Қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы қоғамдық көлікті автоматтандырылған бақылау және ақы төлеу жүйесіне көшіру жобасы іске асырылуда. Аталмыш жұмыстар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашық конкурс нәтижесінде қолға алынбақ. Жалпы, бұл жүйе облыс орталығындағы 57 автобус, 4 трамвай бағытын қамтып, 552 автобус пен 28 трамвай көлігіне орнатылатын болады», - деді Нұржан Жұмәділов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін мемлекет өз міндеті ретінде 1 млрд. 704 миллион теңге бөлмек көрінеді. Оның ішінде 30 пайызы бюджеттен бірлесе қаржыландырылатын қаражат болмақ. Ал инвестициялық шығынның орнын толтыру 4 жыл бойы жүргізіліп 969,5 миллион теңгені құрамақ. Нысан 9 айда толықтай аяқталып, 4 жыл қолданыста болса, оның үш жылы кепілді мерзім болады.

«Аталмыш жоба аясында Өскемен қаласына 5 миллиард теңгеге 85 жаңа автобус сатып алынады. Оның 3,5 миллиарды Еуропалық Қайта құру және Даму банкінен алынған несие болса, қалған сома жергілікті қаржы», - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Қаржы мәселесіне қатысты барлық сұрақтардың әкімдік арқылы таразылануын қатаң тапсырған облыс әкімі Даниал Ахметов электронды билеттеуден түскен қаражаттың бірінші кезекте несие жабуға бағытталуы қажет екендігін баса айтты.

«Осы мәселеге қатысты кез-келген сұрақ облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен менің орынбасарым арқылы өтуі тиіс. Барлық қаржылық мәселелер айшық әрі нақты болуы керек. Біз қажетті қаржыны бөліп, шетте қалып қоймайық. Бес жылдан соң несие төленбеген, автобустар ескірген, ал мердігер мекеме ұшты-күйлі жоқ болып жүрмесін. Сондықтан бұл мәселені қатаң бақылауға алыңыздар», - деп қосты Даниал Кенжетайұлы. 

Өзгелердің жаңалығы