Жүргізушілерді емес, ғарышкерлерді дайындап жатқан секілдісіздер – Нығматулин

17 Сәуір 2019, 12:43
2985
Бөлісу:
Жүргізушілерді емес, ғарышкерлерді дайындап жатқан секілдісіздер  – Нығматулин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Егер жүргізушінің кәулік мерзімінің өткеніне 2-3 күн болса медициналық тексерістен өтеді, ал уақытынан бұрын келгендер өтпейді. Бұл қалай? 10 жылдың ішінде адамның денсаулығы нашарламайды деп ойлайсыздар ма? Бұл жайында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысы кезінде ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне бағыттап айтты. 

Мәжілістің бүгінгі отырысында мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жылдамдату және оңтайландыру барысы сөз етілді. Сондай-ақ депутаттар көлік жүргізу куәлігін алу барысы қалай жүргізіліп жатқанына тоқталып, осы бағытта сұрақтар қойды.
Еліміздегі көлік құралдарын тіркеу қалай жүргізіліп жатыр деген сұраққа ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасы Әлібек Кеңесбаев жауап берді.

«Қазіргі таңда еліміздегі көліктерді тіркеу уақыты 90 минутты алады. Бұрын 2 сағат болатын, яғни біз 30 минутқа қысқарттық. Оған қоса өткен жылдан бастап көлікті интернет арқылы тіркеуді іске қостық. Азаматтар арнайыландырылғын халыққа қызмет көрсету орталығына келмей-ақ, 30 миниуттың ішінде үйінде отырып тіркей алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре береміз»,- деді ол. 

Сонымен қатар ол, көлік жүргізу куәлігін алудағы медициналық тексерістерге тоқталып, алдағы уақытта бұл істі де жылдамдата түсеміз деген ойын білдірді.

«Медициналық тексерісті жылдамдату және оңтайландыру тексеріс тізімін азайтамыз. Бізге ол үшін жол жүргізуге кері әсерін тигізетін ауруларды тез анықтай алатын мамандар қажет. Сонымен қатар, жүргізушілердің куәлігінің мерзімі өтіп кетсе олар медициналық тексерістен қайта өтеді»,-деді  Кеңесбаев. 

Осы тұста Мәжіліс төрағасы «адамдар қанша мерзімнен кейін көлік жүргізу куәлігін ауыстырады» деген сауал қойды.

«Қазіргі заң бойынша жүргізушілер әр 10 жыл сайын куәлік ауыстырады. Адамдар мерзімі өтпей тұрып келсе, онда медициналық комиссиядан өтпейді»,- деп жауап берді  Кеңесбаев.

Нұрлан Нығматулин бұл тексерістердің ақылға сыймайтындығын айтып, себептерін сұрады.

«Егер жүргізушінің кәулік мерзімінің өткеніне 2-3 күн болса медициналық тексерістен өтеді, ал уақытынан бұрын келгендер өтпейді. Бұл қалай? 10 жылдың ішінде оның денсаулығы нашарламайды деп ойлайсыздар ма? Көзі нашар көретін немесе таяққа сүйеніп әрең жүрген адам уақытынан бұрын келсе оны тексермей жібере саласыздар ма? Бұл қандай критериге сүйеніп жасалған?», - деді Мәжіліс төрағасы.

ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасы Әлібек Кеңесбаев, бұл норма жолда жүру заңында қарастырылған әрі халықаралық тәжірибеге сүйенгендерін жеткізді.   

Мәжіліс төрағасы қандай жағдай болмасын көлік жүргізу куәлігін алушыларды медициналық тексерістен өткізіп отыру қажет деген пікірін білдірді.

«Күннің ыстығында жолда келе жатқан жүргізушілердің денсаулығы сыр беріп, жүрегі ұстап қалып, көлікті басқара алмай қалған жағдайлар болып жатады. Егер ол автобус немесе жүк көлігінің жүргізушісі болса қайтесіңдер? Біздің міндетіміз жолдағы қауіпсіздікті сақтау. Сондықтан рөлге отыратын адамдар үшін сапалы әрі жылдам медициналық тексерісті қамтамасыз етуіміз керек»,-деді Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ, медициналық тексерістерге қатысты ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев те жауап берді. 

«Көлік жүргізу куәлігін алудағы медициналық тексеріс кезінде жүргізушілер 8 маманның алдынан және 7 зертханалық талдамадан өтеді»,- деді ол. 

Олжас Әбішевтің жауабын естігін Мәжіліс төрағасы тексерістің тым көптігін айта келе, бұл істі оңтайландыруды тапсырды.

«Сіздер жүргізушілерді емес, ғарышкерлерді дайындап жатқан секілдісіздер. Қазіргі жағдай басқаша ғой, көз, құлақ есту бойынша бірнеше тесттен өткізсе жеткілікті ғой. Тексерісті оңтайландыру, қайта қарау бойынша ұсыныстарыңызды әзірлеңіздер. Сонымен қатар, адамдар сараптамадан өту кезінде ұзын-сонар кезекте тұрмау керек. Медициналық тексерістен өткізу барысын да дұрыстап ұйымдастырыңыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.


Өзгелердің жаңалығы