19 рет күйеуге шыққандар бар – Сириядан келген әйел

13 Мамыр 2019, 18:20
5741
Бөлісу:
19 рет күйеуге шыққандар бар – Сириядан келген әйел
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2013 жылы Сирияға күйеуінің артынан кетіп, қайтыс болғаннан кейін тамақсыз қалған 33 жастағы әйел 4 айдан бері Қазақстанда тұрып жатыр.

Атын жасырған әйел 4 жыл бойы ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) территориясында қалай өмір сүргені және күйеусіз қалғаннан кейінгі аштығы туралы айтып берді.

"2009 жылы мен намаз оқи бастадым. Содан 1,5 жылдан кейін намаз оқитын жігітке тұрмысқа шықтым. Оның қандай жолда екенін мен білген жоқпын. Намаз оқыды. Ол дұрыс жолда шығар деп ойладым. Кейін күйеуім мені өзіне тарта бастады. Яғни жиһад мәселесіне немесе намаз оқымайтындарды "кафир" деді. Өзінің дінге көзқарасын ашық білдіре бастады. Мен "жиһад" мәселесін қатты қабылдаған жоқпын. Бірақ намаз оқимайтын азаматтарды "мұсылман емес" деген түсінікті қабылдай бастадым", - деді "Жусан-1" операциясымен Сирия қарулы қақтығыс аумағынан Қазақстанға әкелінген әйел.

Ол күйеуінің "Екеуміздің жаннатта болғанымызды қалаймын" деген сөзінен кейін Сирияға кеткенін түсінгенін айтты.

"2012 жылы қыста маған күйеуім "Украинаға жұмысқа кетіп бара жатырмын" деп кетті. 31 желтоқсанда мен оның достарынан шекарадан өткені туралы хабар алдым. Бірақ қай елдің шекарасынан өткенін дұрыс біле алмадым. Өзі хабарласпады. Сосын оны іздестіре бастадым. Бір айдың ішінде таппадым. Бір айдан кейін күйеуім өзі хабарласты да, "Екеуміздің жәннатта болғанымызды қалаймын" деді. Сонда ғана күйеуімнің қайда кеткенін түсіндім. Сосын оның артынан бардым. Сол жаққа барып, қайтуға билет алдым. 

Өйткені, ол кезде 8 жастағы қызым болды. Ол Қазақстанда қалып қойды. Бір аптадан кейін мен күйеуімді елге қайтаруға тырысамын деп ойладым. Бардым, Түркиядан күтіп алды. Түркиядан Сирияға өту өте оңай. Ол жерде шекарадан өтіп бара жатқандай әсер беретін темір қоршаулар болған жоқ. Жай адамдар өздері өтіп жүре береді.

Біз шекарадан өтіп кеттік. Бір ауылға жеттік. Мен күйеуімнен қайда екенімізді сұрадым. Ол "Түркияда ауылдамыз" деді. Бірақ ол жер Сирия болып шықты", - деп жалғастырды ол.
 
Әйел күйеуіне үйге қайтқысы келетінін айтқанда, құжаттарын алып қойған.

"Мен Сирияға келгенде адамдар қару-жарақпен жүрді. Ол түн мезгілі еді. "Біз Сирияға келген сияқтымыз ғой?" дедім. Күйеуім "Иә" деп жауап берді. Ол жерде бір апта болдым. Кейін "күйеуіме үйге қайту керекпін" дедім. Сол уақытта ол менің паспортым мен төлқұжатымды тартып алды да "Олар сенің Қазақстанда қайда болғаныңды біліп отыр. Сен түрмеге отырасың" деді. Содан мен қорқып, күйеуімнің айтқанынан шыға алмадым", - деді ол.

Сондай-ақ, ол 4 жыл бойы қарулы қақтығыс аумағынан қалай шыққанын айтып берді.

"2013 жылдан 2017 жылға дейін мен сол территорияда болдым. Сосын күрттерге өзім келдім. Күйеуім қайтыс болғанға дейін мен Сириядан кеткім келетінін ашық айта алмадым. Бомбалар тасталатын. Өмірім үшін қорқатын болдым. Сол жақта бала тудым. Күйеуіме айтуға қорқатын болдым. Себебі, ол жақта кеткісі келетін адамдарды түрмеге отырғызатын немесе басынан айырады. Содан қорқып айта алмадым.

Күйеуім қайтыс болғаннан кейін елге қайтатын жол іздеп, жалынбаған адамым жоқ. Жай таксистерге де жақындайтын болдым. Бірақ сол жердегі арабтар "Сен таксистерге кетемін деп айтсаң, олар сені сатып жібереді. Ол өте қауіпті" деді.

Бір кісілер арқылы күрттер басқаратын аумаққа өттім. Құдайға шүкір, Қазақстан маған көп көмектесті. Мен Қазақстан мені қабылдайды деп ойлаған жоқпын. Осындай мүмкіндік беріп, шығарып алады деп ойлаған жоқпын. Күрттер басқаратын аумақта 1,5 жылдай болдым. Сол жақтан Қазақстан мені алып кетті", - деді ол.

Ол күйеуінің қалай және қайда қайтыс болғанын білмейді екен.

"Күйеуім 2017 жылдың 5 наурызында кетті. Қалай қайтыс болды, қайда қайтыс болды, білмеймін. Бомбаға түсті ме, біреу өлтірді ме, ешкім айтпайды. Суретін де көрсетпеді", - деді ол.

Айтуынша, аман қалу үшін 19 рет күйеуге шыққан әйелдер де бар екен.

"Күйеуі жоқ әйелдер ол жерде "траурды" күтеді. Күйеуі қайтыс болған әйелді бір үйге алып келеді. Ол жерде тазалық, тамақ, жарық жоқ. Яғни, ешқандай жағдай жасалмаған. Амал жоқ басқа күйеуге шығуға мәжбүр боласың. Себебі, сені күйеуге шығатындай қылып әдейі жасап қойған. Күйеуге шықпасаң, сол жерде аштан өлесің. Ал, күйеуге шығып, ол күйеуің 2-3 күннен кейін қайтыс болып кетуі мүмкін. Яғни, осылай 5 рет, 6 рет, тіпті 19 рет күйеуге шығып жатқан әйелдер болды.

Күйеуің болмаса, ақшасын да бермейді. Бұрын күйеуің болғанда тамаққа деп ақша беріп тұратын. Денсаулығың болмаса да, шыға алмайсың. Себебі, үйден еркексіз жалғыз шығуға  болмайды", - деді әйел.

Әйелдер бір-бірімен араласады. Тек бір сөзді айтпайды. Айтса, басын алады.

"Ол жақта әртүрлі әйел бар. Қазақ қыздармен араласып тұрдық. Көбі ойын іштей ұстайды. "Үйге қайтқым" келеді деп айта алмайды. Тек "күйеуіммен бірге жәннатта болғым келеді" дейміз. Іште не ойымыз бар екенін білмейміз. Әркімнің өз ойы бар. Мысалға, менің қайтқым келді. Бірақ, мен оны айта алмадым. Өйткені мен өзімнің ойымды айтатын болсам, басымнан айырыламын. Не атып тастайды, не түрмеге отырғызады. Сол үшін солар сияқты болып жүруге мәжбүр боламыз. 

Көбіне үй мәселесі, бала-шаға мәселесі туралы әңгімелер болады. Әйел адам күйеуін күтіп жүреді. Ол кейде 1 айға, кейде 2 айға кетіп қалады. Күтіп жүреді. Тамағын істеп, үй шаруасын істеп жүреді", - деп айтып берді 33 жастағы қазақстандық әйел.

Бұған дейін Сириядан қайтарылған 20 азамат қылмысқа күдікті деп ұсталғаны туралы хабарлағанбыз.

Өзгелердің жаңалығы