Сирияда көз жұмған баланың анасы: Келінім мен немерелерімді күтемін

10 Қаңтар 2019, 15:45
3374
Бөлісу:
Сирияда көз жұмған баланың анасы: Келінім мен немерелерімді күтемін

Астана, baq.kz тілшісі. Сәтпаев қаласының тұрғыны Ботагөз Мақатова Сирияға кетіп, қаза тапқан баласы туралы баяндады. Бұл туралы ол СІМ өткен брифинг барысында мәлімдеді.  

«Балам екі жыл бұрын Сирияда көз жұмды. Бірақ ол жерде келінім мен екі немерем қалып қойды. Қазақстан бойынша 120 ана Сирияда жүрген балалары барын айтты. Олардың ішінде 10 ананың балалары елге оралды. Менің келінім әзірге сонда. WhatsApp арқылы хабарласып отырмыз. Олар қоршаудан шығып кетіпті. Қайда бару керегін айттық. Қақтығыс болып жатқан соң әзірге белгіленген орынға жеткен жоқ. Жаяу келе жатыр екен. Жердің бәрі мина болған соң қалай қарай жүруді білмейді», - дейді Мақатова. 

Ол ұлының Сирияға қалай кеткенін баяндап берді.  

«Баламның онда кететінін білмедім. Ол Мысырға оқуға баратынын айтты. Жарты жылдан соң Сирияда жүргенін білдік. Балам 2012 жылы кетті. Колледжде үшінші курста оқып жүргенде намаз оқуға рұқсат сұрады. Алғашында жас екенін айтып, қарсы болдық. «Колледжді бітір, әскерге бар» дедік. Соңында рұқсат беріп, қателескен шығармыз», - деді ол.

 Мақатова баласын бақылауында ұстағанымен, жағымсыз әрекетті байқамаған.  

«Дүкенде жұмыс істейтін. Бір күні ол досымен бірге Алматыға тауар алуға кетті. Содан оралмады», - дейді ана. 

Ол баласының сол жақта жүріп қазақстандыққа үйленгенін, артында үш бала қалғанын мәлімдеді.

«Сирияда жүргенін біліп оны қайтарып алу үшін комитетке жүгіндім. Бірақ ол кезде қандай шара қабылдау керегін ешкім білмеген еді. 2016 жылы ұлым қайтыс болды. Неден көз жұмғанын білмеймін. Әйелі ұлымды жерлеп жатқан видео жіберді. Ол жерде соғыс қимылдары болған соң оны әкетудің еш мүмкіндігі болмады. Баламның тірі болғанын, отбасымен бірге келгенін қалар едім. Бірақ бұл мүмкін емес. Енді келінім мен баламның оралуын күтемін», - деді СІМ өткен брифингте.

Мақатова қазақстандықтардан Сирияда қақтығыс аймақтарында жүрген отандастардың оралуына қарсылық танытпауды сұрады.

«Балалардың еш кінәсі жоқ. Олар ата-аналарымен бірге кетті. Олар да Қазақстан азаматтары ғой, сол себепті елге қайтарылуына ешкім қарсы болмайды деп үміттенемін. Олар өмірден адасып, өздерінің қайда барғандарын білмей қалды. Балаларымыз онда соғысуға кетпеді. Оларға Ислам мемлекеті болады деп сендірді. Сол жаққа жеткен соң ғана қайда келгендерін түсінді», - дейді Мақатова.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара – «Жусан» операциясының нәтижесінде Сириядан 47 Қазақстан азаматы, оның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды.

Сонымен қатар, Сириядан қайтарылған 7 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Назерке Абибулла
Өзгелердің жаңалығы