Сириядан балаларды елге қайтару жалғасады – СІМ

10 Қаңтар 2019, 11:50
7018
Бөлісу:
Сириядан балаларды елге қайтару жалғасады – СІМ

Астана, baq.kz тілшісі. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шара туралы баяндады.  

6 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара – «Жусан» операциясының нәтижесінде Сириядан 47 Қазақстан азаматы, оның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды.

«Елбасымыз айтқандай, Қазақстан өз азаматтарына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бұл гуманитарлық операция ең алдымен ҚР Президентінің халықаралық аренада жоғары беделінің және еліміздің бейбітшілік бастамаларын кеңінен дамыту, осы саладағы жұмыстардың негізінде жасалған болатын», - деді Ашықбаев.

 Вице-министр Қазақстанның Сириядағы жанжалды тоқтату, ол елде бейбітшілікті орнату процесіне атсалысып келе жатқанын, оған дәлел ретінде Астана қаласында Сирия мәселесі бойынша екі жыл ішінде келіссөздер өткізілгенін атап өтті. 

«Аталған келіссөздердің арқасында Сирияның көптеген аймағында бейбітшілік орнады. Халықаралық терроризммен күресу біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шеңберінде абыроймен аяқталды. Бұл шаралар ҚР  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017 жылы 21 желтоқсанында қабылданған 2396 қарары аясында атқарылып келеді», - деді Ашықбаев.

Вице-министр гуманитарлық мақсатта өткізілген операцияны ұйымдастыруға және сәтті өткізілуіне Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері белсенді атсалысқанын айтты. 

«СІМ тарапынан әріптестерімізге ризашылығымыз үлкен. Сонымен қатар шет мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға алғысымызды білдіреміз. Олармен дипломатиялық деңгейде  бірлескен көптеген шаруа атқарылып келеді. Қазақстандықтарды, әсіресе кеше Елбасымыз айтып өткендей жас балаларды елге қайтару жұмыстары жалғасатын болады. Біз халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз», - деді ол.

Назерке Абибулла
Өзгелердің жаңалығы