Бас жаңалықтар
Синтетикалық есірткі сатқан екі петропавлдық азамат сотталды
18 Қаңтар 2021, 22:22 190

Синтетикалық есірткі сатқан екі петропавлдық азамат сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер синтетикалық есірткі - мефедрон таратып жүрген есірткі тобы әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Бұл - Петропавлда айналымнан алғаш алынған қауіпті есірткі препараттарының бірі. Полицейлер қылмыс жасағандары үшін 29 жастағы петропавлдық пен 19 жастағы қала тұрғынын ұстады. Олар осы жылдың қаңтар айында 12 мен 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Күдіктілер өткен жылдың жазында ұсталған. 

Жедел уәкілдер анықтағандай, облыс орталығының тұрғыны Омбыдан транзитпен Петропавл арқылы Көкшетау қаласына синтетикалық есірткіні жеткізуді ұйымдастырған. Аквафор құтыларының сүзгілеріне буып-түйілген тауар логистикалық қызмет арқылы жеткізіліп отырған. 

Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан барлығы 200 грамға жуық есірткі алынған. Бұл аса ірі мөлшердегі есірткі болып табылады. Алынған осы заттар жүздеген жастың тағдырына балта шабар еді. Бұл интернет-ресурстар арқылы пайда көздеген есірткі дилерлерінің құйтұрқы әрекеті. Алынған есірткі заттарының бір бөлігі Петропавл қаласының жас тұрғынынан табылды. Тергеу анықтағандай, ол дозаларға буып-түйіп, қалада түрлі жерлерге жасырып отырған. Есірткі курьерлері телеграмм-канал арқылы байланысқа шыққан.

ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) көзделген қылмыс жасағаны үшін ұсталғанның екеуі де сотталды. Ер адам барлық істің үйлестірушісі болып табылады. Белсенді хабарлама жазысып, байланысқа шығып, сәлемдемені қайда, кімге және қашан жіберу керектігіне нұсқау берген. Сотта заттай дәлелдемелер ұсынылды, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзиди.


Фото: дереккөз
Загрузка...