Сингапур инвесторлары Шымкентте халықаралық мектеп салады

17 Мамыр 2019, 18:52
3460
Бөлісу:
Сингапур инвесторлары Шымкентте халықаралық мектеп салады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Сингапур инвесторлары Шымкентте білім беру кластерін дамытады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында мәлім болды.

Сингапурдан келген KinderWorld білім беру тобы "Shymkent city" шағынауданын балабақша, мектеп пен білім метрополисінен тұратын білім беру кластерін салуды жоспарлап отыр. "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасы Рашид Аюпов форум барысында KinderWorld International Group Ltd компаниясының басқарма төрағасы Рики Тэнмен кездесіп, жаңа жобаны талқылады.

"Біз бұрыннан-ақ Шымкент қаласында танымал шетелдік мектептер мен университеттердің филиалдарын ашу үшін шетелдік инвесторларды білім беру саласына тартқымыз келетін. Жаңа кластер де, мектепте де, университетте де алған академиялық білім Кембридж жүйесімен оқытатын білім туралы халықаралық жалпы аттестатты қоса алғанда, бағалаудың халықаралық өлшемдеріне сәйкес келеді. Біз жер учаскесін анықтадық. Жуырда жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу басталады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 3 жылға созылады. Жалпы құны 20 млн доллар шамасында болады. Бұл сома өсуі де мүмкін", - дейді Рашид Аюпов.

Сингапур инвесторлары Шымкентте халықаралық мектеп салады

Жобаға сәйкес салынатын балабақша 6 айдан 6 жасқа дейінгі 600 балаға арналады. Сонда жабық ойын алаңы мен бассейн болады. Балаларға шет тілдерін, оқу мен санауды, қоғамтану, музыка, би мен бейнелеу өнеріне үйретеді.

Балабақшадан бөлек, соның жанынан 3-12 жас аралығында балаларға арналған байыту орталығын ашу жоспарланған. Мұнда балалар ғылым негіздерін үйреніп, технологиялардың әліппесін біліп, инженерияны, математиканы оқиды. Робототехника және AR/VR әлемімен танысады.

Ал 1500 оқушыға арналған Сигнапур халықаралық мектебінде дәстүрлі пәндерден бөлек, бағдарламалау, робототехника және 3D принтер бойынша факультативтік сабақтар өтеді. Сонымен қатар, АҚШ және тағы басқа да елдерде оқыту бойынша студенттердің жазғы алмасу бағдарламалары жұмыс істейді.

Білім беру метрополисі – бұл балалар, жастар және қоғам үшін түрлі білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланып отырған оқу кеңістігі. Метрополистің дизайны мен тұжырымдамасы Сингапурдың ұлттық университетінің университет қалашығына ұқсас болады. Метрополис университет, жатақхана, ғылыми орталық, медициналық орталық, эксперименттік оқу-ойын орталығы және басқа да қажетті инфрақұрылымдарды қамтиды екен. 

Айта кетсек, Kinder World білім беру тобы 1986 жылы Сингапурда құрылған. Бүгінгі таңда аталған компанияның Вьетнам, Малайзия мен Тайландта 20 кампусы бар.

Өзгелердің жаңалығы