SIM-карта сататындарды қатаң тексеру: бір адамда 70-ке жуық нөмір тіркелген

22 Қазан 2019, 12:00
12585
Бөлісу:
SIM-карта сататындарды қатаң тексеру: бір адамда 70-ке жуық нөмір тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда абоненттік нөмірлерге қатысты шағымдар көбейіп жатыр. Өйткені бір адамның атында бірнеше нөмір тіркелген жағдайлар өте көп. Осыған орай, SIM-карта сататын сауда орындарын тексеру басталып кетті.

2018 жылдың 9 қаңтарында шыққан "Байланыс" туралы заң (36-2-бап) әрбір клиентті өз мобильді құрылғысын ұялы байланыс операторында тіркеуге міндеттейді. Соған сәйкес, SIM-карта қолданылатын барлық құрылғыны тіркеу керек. Мысалы, мобильді телефондар, планшеттер, модемдер және басқа да мобильді құрылғылар.

2019 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу аяқталды. Қазіргі уақытта барлық мобильді телефон SIM-карта иелерінің ЖСН-іне "байланған".

"Байланыс туралы" ҚР Заңының 36-2-бабындағы негізгі ережелер:

Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу үшін оның иеленушісі өзіне қызмет көрсететін операторға:

·        жеке сәйкестендіру нөмірі (жеке тұлға үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлға үшін);

·        ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды, IMEI код кез келген абоненттік құрылғыдан *#06# пәрмені арқылы анықталады.

·        абоненттік нөмір туралы мәліметтерді ұсынады.

Ұялы байланыс операторы ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сәйкестендіру кодтарының дерекқорында ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының басқа иеленушісі тіркеген осындай ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды болған жағдайда немесе егер абоненттік нөмір басқа иеленушіге тіркелген жағдайда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеуден бас тартады.

Операторға СКД-ға мәліметтері енгізілмеген немесе деректері СКД-ға енгізілген деректермен сәйкес келмейтін абоненттік құрылғыға ұялы байланыс қызметін көрсетуге тыйым салынады.

Қазақстан азаматтары өз атына қанша ұялы байланыс нөмірі тіркелгенін біле алады

Бұрын ұялы телефондарды міндетті тіркеуге ақпарат және байланыс министрлігі жауапты болса, енді бұл міндет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өткен.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан азаматтары imei.rfs.gov.kz/checkiin/ қолжетімді қызметті пайдаланып, тіркелген ұялы нөмірлер санын тексере алады.

Бір абонентке қанша нөмір тіркелгенін білу үшін азаматтың ЖСН-ін енгізу қажет. Жүйеде тіркелген абоненттік нөмірлердің саны, сондай-ақ оларға қызмет көрсететін операторлар көрсетіледі.

Егер абонемент өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгенін анықтаған жағдайда телекоммуникациялар комитеті белгісіз нөмірді жаптыруды ұсынып отыр.

"Азаматтар бұрын-соңды тіркелмеген және өздері үшін пайдаланбайтын нөмірлердің иелері екендіктерін білетіндіктен бізбен жиі байланысады. Шағымдарын айтып жатады. Сондықтан қазақстандықтарға тіркелген нөмірлердің санын тексеруді ұсынамыз. Өйткені нөмір иелері оларды пайдалануға жеке жауап береді", - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

Осыдан кейін шағымданғандар тіптен көбейіп кетті. Бір адамның атына бірнеше нөмір тіркелген жағдайлар анықталып жатыр. Мысалы, Facebook-тегі "Астана, хочу похвалить/пожаловаться" тобында Айнель Мәсімова (Масимова) есімді қолданушы өзінің атына 24 нөмір тіркелгенін айтып, шағымын білдірді.

"ЖСН арқылы өз атына қанша нөмір тіркелгенін білетін бағдарламаға кіріп көрдім және қатты таңқалдым. Менің атымда 24 SIM-карта нөмірі бар екен. Осыдан кейін елордадағы барлық абонемент кеңселеріне барып шықтым. Олардың барлығы осыны растады. Менің атымнан бірнеше нөмір тіркеуге кім рұқсат берген? Менің жеке деректерім неліктен жария болып кеткен? Былтырғы жылы Жаңаөзен қаласында 21 Altel нөмірі тіркелгенін жазғанмын. Өмірімде ешқашан Жаңаөзен қаласына барып көрмегенмін. Осыдан кейін Республика даңғылындағы (Нұр-Сұлтан қаласы) офиске барып, шағым айтқанмын. Олар кешірім сұрап, енді мұндай қайталанбайтынын жеткізген еді. Бірақ тағы осы жағдай қайталанып жатыр. Көтерме саудамен айналысатындарға менің жеке деректерім өтіп кеткен. Неліктен құқық қорғау органдары осымен айналыспайды?", - дейді Айнель Мәсімова.

Динара есімді қолданушы өз атында 41 нөмір тіркеліп тұрғанын анықтаған. Ол енді өз атында тіркеліп тұрған барлық нөмірді ажыратып тастауды жоспарлап отыр. Ал Erlan Begalin есімді қолданушы бұл жағынан тіптен көш бастап тұр. Оның атында Kcell/Activ абонементтері бойынша – 64, Beeline бойынша – 3, Tele 2 және Altel бойынша 2 нөмір тіркелген.

WhatsApp Image 2019-10-22 at 12.35.37.jpeg

Мұндай мысалдар өте көп.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі енді сауда орындарында тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтып отыр.

"Тексеріс жүргізілген кезде ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге келісімшарт жасамай SIM-карталарды сату фактілері расталса, дилерлерге 100 АЕК (252 500 теңге) дейін айыппұл салынады", - дейді Виталий Ярошенко.

Сарапшының пікірінше, егер SIM-картаны сатып алғаннан кейін сатушы оны тіркеуге көмек көрсетпесе, сақ болу керек. Бұл SIM-карта бұрын біреудің атында тіркеліп тұруы әбден мүмкін.

"Нөмірдің иесі оны кез келген уақытта ажыратып тастауы мүмкін екенін түсіну керек. Сондықтан осыны түсінгендеріңіз дұрыс", - дейді ол.

Көпшілік алғашында бұл мемлекеттік тағы бір тексерістің жаңа күшейтілген түрі деп қорқып қалғаны рас. Бірақ комитет төрағасының айтуынша, телефон нөмірін тіркегеннің өзіндік пайдалы жақтары бар.

"Нөмірді тіркеу арқылы кейбір мәселелерді шешуге болады. Мысалы, сіздің ұялы телефоныңызды ұрлап кетті. Ондай кезде құқық қорғау органына жүгінесіз, арыз жазасыз. ІІМ қызметкерлері ол телефонды табу үшін тергеу амалдарын бастайды. Осы кезде тіркелген телефонды табу оңайырақ болады. Сондай-ақ, жүйе енгізілгеннен кейін ұялы телефон кімнің атына тіркелгенін білмей, оны қолдану мүмкін болмайды. Бұл дегеніміз, телефонға заңды түрде тіркелген сіздің SIM-картаңызды алып тастап, басқасын салған кезде, ұялы телефон іске қосылмайды. Мұнда мәселе мемлекет тарапынан қандай да бір бақылау жүргізу үшін емес, бұл құрылғыны ұрлауды азайту, оны табу жұмыстарын жеңілдету мақсатында қабылданған шара", - дейді комитет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті өзге азаматтарға тіркелген SIM-карталарды сату туралы қазақстандықтардың шағымдары негізінде Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда нүктелеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізуге бастамашылық етті.

Өзгелердің жаңалығы