СІМ-де Қоғамдық кеңес отырысы өтті

17 Қыркүйек 2020, 21:39
1480
Бөлісу:
СІМ-де Қоғамдық кеңес отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы онлайн режимде өтті.

Қоғамдық кеңес отырысының ашылуында сөз сөйлеген Министр Мұхтар Тілеуберді күн тәртібіне сәйкес отырыста COVID-19 пандемиясы жағдайындағы Сыртқы істер министрлігінің жұмысы, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» ҚР Заңының жаңа редакциясы сияқты маңызды мәселелер талқыланатынын атап өтті.    

Сондай-ақ, Министр Қоғамдық кеңестің сыртқы саясат мәселелерін талқылауға ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеуге белсенді қатыса алатын платформа ретіндегі рөлін күшейту қажеттілігіне назар аударды. Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген міндеттерге сәйкес келеді.

Өз кезегінде, Қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман кездесуде көтерілген тақырыптардың өзектілігі мен уақтылығын атап өтіп, олардың мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогты нығайтуға ықпал ететініне тоқталды.

Кездесу барысында Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев коронавирус пандемиясы жағдайындағы Министрліктің жұмысы туралы баяндаса, ҚР СІМ Жауапты хатшысы Әркен Өтенов «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы жобасы жөнінде сөз сөйледі.

Отырыста «Adal bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесінің сарапшы талдаушысы, «Asian Research Centre for International and Comparative Law» орталығының директоры Лилия Испенбетова «Қоғамдық кеңестердің сыбайлас жемқорлықтың алдын-алудағы және оған қарсы іс-қимыл қолданудағы тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдары» тақырыбында баяндама жасады.

Сарапшы өз сөзінде Кеңес мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылауды және мониторингті жүзеге асырудың тетіктеріне тоқталып, Кеңес мүшелерінің мемлекеттік органдар ұйымдастыратын іс-шараларға қатысуы, ақпаратқа қол жетімділік, азаматтардың өтініштерін қарау және т.б. мәселелер жөнінде баяндады.

Л.Испенбетова қоғамдық бақылау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ететін тиімді құрал ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді әдісі екендігін атап өтті.

Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Сыртқы істер министрлігімен, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында тиімді өзара іс-қимыл бойынша бірқатар ұсыныстар жасады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметі жөніндегі Қоғамдық кеңестің келесі отырысы жыл соңында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы