СІМ-де дамуға ресми көмек мәселелері жөнінде семинар өтті

8 Ақпан 2019, 10:55
2226
Бөлісу:
СІМ-де дамуға ресми көмек мәселелері жөнінде семинар өтті

Астана, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрлігінде дамуға ресми көмек (ДРК) мәселелері жөнінде халық арасындағы хабардарлықты жоғарылату бойынша семинар өтті.

Семинарды Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Токиодан арнайы келген сарапшылары өткізді. Семинар жұмысына ДРК мәселелерімен айналысатын Қазақстан мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара «Дамуға ресми көмек саласында Ауғанстанмен ынтымақтастықта Қазақстанға жәрдемдесу» атты бірлескен пилоттық жоба шеңберінде өткізілді. Оны іске асыру туралы уағдаластық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэнің 2015 жылғы қазандағы Бірлескен баяндамасында бекітілген болатын.

СІМ-де дамуға ресми көмек мәселелері жөнінде семинар өтті

СІМ Сыртқы экономикалық саясат департаментінің Директоры Олжас Исабеков өзінің алғы сөзінде семинар қатысушыларын өзіміздің ДРК тетігімізді қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы хабардар етті және аталған пилоттық жобаны іске асырудағы Қазақстанның JICA-мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Атап айтқанда, жоба шеңберінде ауған мамандарының мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау саласындағы әлеуеттерін арттыру, сондай-ақ ДРК саласындағы Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерінің сарапшылық әлеуетін дамыту қарастырылған.

Семинар аясында JICA сарапшылары Жапония ДРК жүйесінің таныстырылымын өткізіп, Жапония ДРК жүйесінің құрылу тарихымен, саясатын қалыптастырумен, көмек көрсету түрлері мен тетіктері, сонымен қатар ДРК туралы халық арасындағы хабардарлықты жоғарылату саласындағы JICA тәжірибесімен таныстырды.

JICA сарапшылары ел ішіндегі ДРК мәнін қоғамдастықтың түсінігін тереңдету жөніндегі шаралары туралы, атап айтқанда, Жапонияның министрліктері мен ведомстволарымен, үкіметтік емес ұйымдар мен, бұқаралық ақпарат өкілдерімен жүргізіп жатқан жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мысалы, Жапон орта мектептерінде ДРК тақырыбы оқу бағдарламасына енгізілген, даму мақсатындағы ресми көмек саласындағы мұғалімдерді даярлау жүргізіледі. Даму мақсатындағы көмек көрсету бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізу барысына қатысатын Жапония Парламенті жанындағы JICA Парламенттік тобы мен ДРК мәселелері жөніндегі арнайы комиссиясы жұмыс істейді.

Семинардың соңында ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері мен JICA сарапшылары арасында даму мақсатындағы халықаралық көмек көрсету мәселелері бойынша белсенді талқылау мен пікір алмасу орын алды. Атап айтқанда, халық арасында дамуға ресми көмек саласындағы хабардарлықты жоғарылатуға бағытталған шаралар талқыланды.

Сонымен қатар, Астанаға сапары барысында JICA өкілдері ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректоры Айгүл Көшербаева мен Академия жанындағы Дипломатия институтының директоры Мариан Әбішевамен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ведомство арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері пысықталды. Заманауи әлемдегі ДРК туралы тақырыптың өзектілігін ескере отырып, Академияның профессорлық-оқытушы құрамына және студенттеріне JICA сарапшылары «Жапония дамуға ресми көмек жүйесінің тарихы» тақырыбындағы таныстырылым өткізді.

Жалпы, өткен семинар қазақстандық ДРК жүйесін қалыптастыру бойынша алдағы жұмыста үздік тәжірибені ескеруге мүмкіндік бере отырып, ДРК саласындағы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс бойынша құнды дағдыларды алуға мүмкіндік ашады.

Өзгелердің жаңалығы