СІМ басшысы ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысына қатысты

26 Мамыр 2020, 18:23
1186
Бөлісу:
СІМ басшысы ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі  отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бейнеконференция форматында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыс барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік жағдай бойынша ұстанымдармен алмасып, Ұйымның ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Коронавирустық індеттің таралуымен байланысты жағдайларға және осы қауіп-қатерді тежеу және оған қарсы тұру бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударылды. Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы әріптестерін Қазақстанның ҰҚШҰ қызметінің өзекті бағыттары бойынша ұстанымы туралы хабардар етті, Ұйымның одан әрі үдемелі және үйлесімді дамуы мақсатында бірқатар ұсыныстар айтты. ҰҚШҰ елдерінің сыртқы істер министрлері БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын растау туралы мәлімдеме қабылдады. Құжат ҰҚШҰ елдерінің БҰҰ Жарғысына негізделген әлемдік тәртіпті қолдау мен нығайтуға бейілділігін атап өтеді. Бұдан басқа, ҰҚШҰ мүше мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75-жылдығы, БҰҰ бас хатшысының COVID-19 пандемиясына байланысты жаһандық соғыс әрекетін тоқтатуға шақыруын қолдауы, сондай-ақ коронавирус індетімен күресте ниеттестік пен өзара көмек туралы мәлімдемелері қабылданды., - делінген хабарламада. 
Дәстүрлі түрде министрлердің басты назары өзекті сын-қатерлерге, бірінші кезекте, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылдың практикалық шараларына аударылды.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ұйымды дамытудың барлық бағыттары бойынша сарапшылардың жыл сайынғы консультациялар жоспарын, сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің "ҰҚШҰ Хатшылығында квоталық лауазымдарды бөлу туралы" шешім жобасын мақұлдады.

Отырыс қорытындысы бойынша қабылданған құжаттар Ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның ашықтығын, оның басқа елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге оң көзқарасын тағы да көрсетті.

ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2020 жылдың 4-тоқсанында Ресей Федерациясында ҰҚШҰ Ұжымдық
Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.

Ұйымға Қазақстаннан басқа Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

Өзгелердің жаңалығы