СІМ 59 бақылаушыны аккредиттеу туралы ұсыныс берген

21 Мамыр 2019, 17:59
2101
Бөлісу:
СІМ 59 бақылаушыны аккредиттеу туралы ұсыныс берген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина Сыртқы істер министрлігінен президент сайлауына бірқатар миссия байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскенін айтты.

Бүгін ОСК отырысында 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс президент сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселе қаралды.

«6 және 13 мамырда Ортсайлауком 4 халықаралық ұйымнан ТМД, ТМД Парламентаралық ассамблеясынан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы мен Ислам ынтымақтастық ұйымынан 67 байқаушыны аккредиттеді. Аккредиттеуге келіп түскен байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отырады», - деді Баймолдина.

Оның айтуынша, 8, 14, 17, 20 мамырда Сыртқы істер минстрлігінен бірқатар миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскен. Оның ішінде 35 байқаушы ТМД байқаушылар Миссиясының құрамында; 1 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының құрамында; 7 байқаушы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі  Миссиясы құрамында. Сонымен қатар Армения, Болгария, Грузия, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей Федерациясы және Түркияның орталық сайлау органдарының өкілдері болып табылатын шет мемлекеттерден 16 байқаушы ұсынылып отыр. Сонда барлығы 59 байқаушыны аккредиттеуге ұсынылды.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады.
Өзгелердің жаңалығы