Ақмола облысында анықталған Сібір жарасы елордаға қауіп төндірмейді – министр

20 Тамыз 2019, 11:32
2001
Бөлісу:
Ақмола облысында анықталған Сібір жарасы елордаға қауіп төндірмейді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылынан шыққан Сібір жарасы туралы пікір білдірді. 

«Нақты айтарым, Ольгинка ауылында биылғы сәуір айында түйнемеге қарсы вакцинация толығымен өткізілген. Мал иелерінің вакциналау жөнінде құжаттары бар. Сібір жарасы малдан емес, топырақтан жұққан. 1948 жылы бұл дерт бойынша осы жерде эпидемия болған, соның қалдықтары болуы мүмкін», - деп айтты Омаров Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.  

Министрдің сөзінше, мал 13-14 тамыз күндері сойылған. Жүргізілген тексеруден кейін 17 тамызда ғана карантин енгізілген.

«Сойылған ет ешқайда шығарылмаған, оны тұрғындар өзара бөлісіп алған. Қалған ет сол күні өртелді. Ауруханада жатқан 5 адамның жағдайы дұрыс, ем алып жатыр», - деді ол.

Ведомство басшысы Ольгинканың ауыл шаруашылығы өнімдері астанаға жеткізілмейтінін айтты. 

«Карантин біткенше Ольгинкадан ешкім шықпайды. Тауарлардың ешбірі де жіберілмейді. Алдағы 15 күнде емдеу жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін ғана ауыл ашылады. Сондықтан Нұр-Сұлтан тұрғындарына қауіптенуге себеп жоқ», - деді министр.   

Айта кетсек, 16 тамызда Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында алынған сынамалардан Сібір жарасы анықталып, 17 тамыздан бастап ауылда карантин жарияланды. Карантин инфекция жойылып, қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін 15 күнтізбелік күн өткен соң бір-ақ алынады. Бес ауыл тұрғыны ауруханаға жатқызылып, қазір сынамалар зерттеліп жатыр. Ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты. Ольгинка ауылында үй жануарлары арасында індет белгісі анықталмаған.

Өзгелердің жаңалығы