Бас жаңалықтар
Заңғар тұлғаның мұрасы жас ұрпақты тәрбиелеуде мотивациялық негіз болмақ – ғалым
PHOTO
30 Тамыз 2021, 15:11 6428

Заңғар тұлғаның мұрасы жас ұрпақты тәрбиелеуде мотивациялық негіз болмақ – ғалым

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін иеленген Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті адал әрі сапалы білім беру үрдісін одан ары жалғастырмақ.

Өткен апта Семей өңірі үшін ерекше атап өтерлік кезең болғаны рас. Мұнда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған бірнеше айтулы шара өтті. Солардың бірі - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов есімінің ұлықталуы болды. Айналдырған бірнеше күн ішінде еліміздің рухани шаһарларының бірі саналатын Семейдегі жоғары оқу орнына Алаш ардақтысының есімі беріліп, кеудемүсіні орнатылды. Оқу ғимаратының іргесінде ескерткіш тақтасы ашылды. Сонымен қатар, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті ұжымының бастамасымен қаладағы көпқабатты тұрғынүйлердің бірінің тұтас қабырғасына Әлиханның муралы салынды. Осы ретте, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Шырын Құрманбаева Алаш көсемінің 155 жылдық торқалы тойы қарсаңында қолға алынған шаралар жайлы сұрап, сұхбат алған едік.

– Шырын Асылханқызы өзіңіздің осы оқу орнын қабырғасы қаланғалы бері басқарып келе жатқаныңыз көпшілікке мәлім. Өңіріміздің ғана емес, еліміздің білім жүйесіне сүбелі үлес қосып келе жатқан жандардың бірісіз. Бүгінде өзіңіз басқарып отырған білім ордасында қанша студент қандай бағытта білім алып жатыр?


– Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қабырғасы 1998 жылы қаланған. Сол кезден қазірге дейін осы университеттің ректоры болып қызмет атқарамын. Жалпы, қазіргі уақытта университет Болонь Декларациясына сәйкес, үш деңгейлі білім берумен айналысады. Бүгінгі күні бізде 32 бакалавриат, тоғыз магистратура, алты докторантура бағдарламасы бойынша жеті мың адам білім алып жатыр.

– Қазақтың азаттығы үшін күрескен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімін өзіңіз басқарып отырған оқу орнына беру жайлы идеяға қалай келдіңіз?


– Қазақ елінің рухани астанасы Семейдің кезінде Алаш көсемдерінің басын біріктірген жер болғаны барлығымызға аян. Сол себепті Әлихан Бөкейханның есімі біз үшін жат емес. Жалпы, Алаш ардақтысының есімін беру туралы идеяға қоғам өкілдері ойларын қосып, студенттеріміз әлеуметтік желіде пікірлерін айтты.Әрине, бұл ой өзіміздің көкейімізде де жүрген еді. Әлиханның Семейге оралуы заңдылық.Тіптен, осы көше бойында, екіжүз қадамдай жерде ғана Әлихан атамыз келіп, жиын өткізген, сол кезде «Бостандық Үйі» аталған, қазірде облыстық Өлкетану музейі орналасқан. Демек, осы жерде Әлихан мен басқа да Алаш ардақтыларының іздері әлі де сайрап жатыр десек артық айтпаған болармыз.

– Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне Әлихан Бөкейхан есімінің берілуі, оқу орны үшін қаншалықты маңызды? Алаш ардақтысының атын алып жүру білім ордасына қандайда бір қосымша жүктемелер міндеттей ме?

– Бір риза болғаным - жастарымыз рухтанды. Көздерінде от пайда болып, «университет атауын қашан ауыстырамыз» деп, дегбірсізденген түлектеріміз де көп болды. Әлихан Бөкейханның ұлт үшін тындырған істері мен рухани мұрасы, ұлтқа қызмет еткен мінезі тағлымы зор, өнегесі өлшеусіз. Заңғар тұлғаның мұрасы жас ұрпақты «толық адам» етіп тәрбиелеуде мотивациялық негіз болады деп ойлаймын. Әрине, университеттің Әлихан Бөкейхан есімін иеленуі жауапкешілік жүгін жүз еслейтіні рас. Сол себепті, адал әрі сапалы білім беру үрдісін одан ары жалғастыру басты мақсатымыз болып қала бермек. Апта толқынысты сәттерге толы болды. Жауапкешілік, орындалған бір арман, ардақты тұлғаның тағдыры туралы ойлар жүректі қозғайды.


– Оқу орнына Алаш көсемінің есімін беру жолында кімнің үлесі өлшеусіз болды, қандай кезеңдерден өттіңіздер?

– Университетке Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы мәселеде қоғам өкілдерінің қолдауы ерекше болды. Жалпы, бұл мәселенің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлихан Бөкейхановтың 155жылдық мерейлі жылын мазмұнды атап өту жайындағы тапсырмасына негізделгенін атап өтуіміз керек. Атау беру үрдісі еліміздің Білім және ғылым министірлігімен келісілді. Сонымен қатар, унивеситеттің Жоғарғы алқалы органы - Ғылыми Кеңес мүшелері де бірауыздан қолдап, шешім қабылданды. Осылайша унивеситет дамуының жаңа кезеңіне қадам бастық.

– Жалпы, Алаш көсемерінің есімін ардақтау алдағы уақытта жалғасын таба ма? Еліміздің өзге өңірлеріне осы үрдістің таралуына деген өз пікіріңіз қандай?

– Алдағы уақытта бізде жаңа даму концепциясы бойынша Әлихан есімін ұлықтауға байланысты і-шаралар циклы айқындалатын болады. Әрине, Алаш ардақтыларын ұлықтау тек қана Семеймен шектеліп қалмауы керек. Өңірлерде Алаш ардақтыларының есімімен білім нысандарының, мәдениет ошақтарының аталуы жақсы әрі тарихымызды өскелең ұрпақ санасында бекітетін аса маңызды құрал деп ойлаймын.

– Бірнеше күн бұрын Семейдегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұтас қабырғасында Әлихан Бөкейханның муралы салынған болатын. Осы игі іс өзіңіздің бастамаңызбен қолға алынған екен.

– Шәкәрім даңғылы,15 мекенжайы қабырғасына салынған мурал туралы идея көптен бері пісіп-жетілген. Бұл идеяны қаламыздың келбетін көркейтуге қосқан үлесіміз деп білемін. Ұлы тұлғаға мәңгілік тағзым ретінде сүйікті Семейімізге тарту ретінде ұсындық. Біздің идеямызды қала тұрғындары асқан ілтипатпен қабылдады. Әлихан мұрасын ұлықтауға қатысты іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмайды деп ойлаймын, ары қарай да кең көлемде түрлі форматта жалғасын табады деген сенімдемін.


– Өткен апта Семей шаһары үшін дүбірлі оқиғаларға толы болды. Өзіңіз басқарып отырған оқу орнына Алаш көсемінің есімін берумен ғана шектелмей, басқа да игі істер атқарылғанын естіп жатырмыз. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның тарихи-мәдени орталығы» атаған киелі Семей қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай «Әлиханның Семейге оралуы» концепциясы аясында бірқатар қоғамдық, ғылыми және мәдени іс-шаралар өтті. Концепцияның негізгі өзегі – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің Әлихан Бөкейхан университеті деп аталуы болды. Бұдан бөлек, университеттің бас ғимаратында Әлиханның кеудемүсінін салтанатты түрде аштық. Шараға қала басшылығы, алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым және білім алушы жастар қатысты. Бюст авторы – белгілі мүсінші, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков болды. Сонымен қатар, осы күні «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды. Конференциямен қатар, бас ғимаратта «Әлихан Бөкейхан және Семей» тақырыбындағы архив құжаттары мен кітаптар көрмесі және «Алаш арыстары» музейінің көшпелі көрмесі жұмыс істеді. Алаш қайраткерлерінің құрметіне университеттің Абай көшесі, 94 мекенжайындағы оқу ғимаратының қасбет қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтіп, конференцияға қатысушылардың Әлихан Бөкейхан ескерткішіне гүл шоқтарын қоюымен аяқталды. Өткізілген барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жүргізілді.


– Кеңестік кезеңде есімдері көлеңкеде қалып келген Алаш ардақтыларын ұлықтау соңғы жылдары кең етек алды. Жалпы, бұл үрдістің ұлттық мүдделерді қалыптастырудағы үлесі қаншалықты деп ойлайсыз? Алдағы уақытта өзіңіз басқарып отырған білім ордасы оған қаншалықты үлес қоспақ?

– ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының ұлттық жаңғыруы мен жалпыхалықтық серпіліс кезеңі – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен тікелей байланысты. Ал, Әлиханның өр тұлғасының ұлттық масштабтағы мемлекеттік қайраткер деңгейінде қалыптасуында Семей–Алаш қаласының орны айрықша. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Абай есімін халық жадында шығармашылық контексте жаңғырту, ұлттық-демократиялық сипаттағы Алашорда үкіметінің халықшыл санаттағы қызмет үдерісінде және ұлттық білім мен ғылымды жолға қоюдағы бастама істердің барша идеясы, оның іс жүзінде атқарылуындағы Әлихан Бөкейханның ерен қайраткерлігін тарихи деректер баяндайды. Әлемдік ағартушылық қағидаттарын ұлттық мүддемен үйлестіре ұсынған қайраткер есімін иелену – университет үшін өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерін сіңдірген, ел игілігі жолында ерен еңбек ететін мінезді азамат, білікті маман даярлап шығару зор мақсат һәм биік белес! Әлихан Бөкейхан университеті өз миссиясы мен алдағы уақыттағы қызмет болмысын жаңашыл санатта көреді. Біз қоғам тыныс терең сезінетін, мемлекетіміздің даму үдерісіне белсене араласа білетін әлеуметтік жауапты университет болуға ұмтыламыз! Ел экономикасының қажеттігін өтейтін кәсіби мамандар даярлап қана қоймай, өңірдің, республиканың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық өміріне етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын мемлекеттік органдармен қатар өтеуге ұмтылатын іргелі оқу орнына айналу – негізгі мақсат-міндет!

Осы тұрғыда білім беру ісі мен ғылыми қызметті нығайту, түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру, халықаралық серіктестермен бірлескен қызмет аясын кеңейту, тұрғындардың қажеттігін өтейтін қызмет түрлерін игеру сынды көптеген міндеттер тұр. Алдағы уақытта осы міндеттерді университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының ерен еңбегі, білім алушылардың ыждаһатты ізденісі және көпшілік қауымның риясыз ниет-тілегінің арқасында, ойдағыдай іске асырамыз деген сенімдемін! Бұл оқу ордасының келешек көкжиегін айқындайтын шамшырақ бағыт болмақ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 



Фото: дереккөз
Загрузка...