Шымкенттің бас дәрігері тұрғындарды ревакцинация алуға шақырды
9 Қаңтар, 11:34 232

Шымкенттің бас дәрігері тұрғындарды ревакцинация алуға шақырды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуал өте тұрақсыз.  Қала сары аймаққа енді. Егер эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса, қала қызыл аймаққа  енуі мүмкін. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Бақытжан Позилов мәлімдеді.

Қазір Шымкенттегі стационарларда коронавирус жұқтырған 148 науқас жатыр. Олардың 7-і  реанимацияға жатқызылған. Жағдайы өте ауыр. Түрлі жастағы адамдар, жүкті әйелдер бар.  Ешбірі вакцина салдырмаған. Жалпы соңғы 2-3 күнде эпидемиологиялық жағдай күрт  нашарлады. Күні кеше, яғни 7 қаңтарда 118 адамнан коронавирус анықталды. Елімізде  коронавирустың Омикрон штамы анықталды. Бұл штамның жұғу жылдамдығы өте жоғары.  Инкубациялық кезеңі қысқа. 2-3 күнде кез келген жастағы адамға жұғады. Ауыр өтуі  мүмкін, – дейді Бақытжан Позилов.

Оның сөзінше қалада жедел жәрдем шақыртулары да күрт көбейген. Бұрындары тәулігіне  1500 шақырту болса, қазір тәулігіне 2500-ден астам шақырту түседі екен. Бас дәрігер  тұрғындарды вакцина салдыруға, ревакцинация жасатуға шақырды.

Қазір Шымкентте коронавирусқа қарсы вакциналардың бірнеше түрі, атап айтқанда QazVac  пен Sinovac вакциналары бар. Ревакцинация жасатуға болады. Егер сіз бұған дейін Спутник- V вакцинасын салдырған болсаңыз, онда ревакцинация кезінде басқа вакцинаны, атап  айтқанда QazVac не Sinovac салады. Мен баршаңызға QazVac отандық вакцинамызды  салдыруды ұсынар едім. Өйткені вакцинамыз сапалы, коронавирустан қорғаныш болу  деңгейі де өте жоғары. Жалпы статистикасы айтар болсам, Шымкентте вакцинация  салдырғандар 99,4 пайызға жетті. Соның ішінде 30 мың адам ревакцинация жасатты. Ал 16  мың адамға Pfizer вакцинасы салынды. Коронавирустан сақтану және жақындарымызды да  індеттен қорғау үшін бәріңізді ревакцинация жасатуға шақырамын. Дүйсенбі күні қаламызға  тағы 30 мыңдай вакцина әкелінеді. Вакцина бар, – деді Бақытжан Позилов.


Фото: дереккөз
Загрузка...