Бас жаңалықтар
Шымкенттік мәслихат депутаттары Президент сайлауын насихаттады
19 Сәуiр 2019, 20:08 754

Шымкенттік мәслихат депутаттары Президент сайлауын насихаттады

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар бүгін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Әлем БТ» ЖШС жұмысшыларымен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жөнінде түсіндіруге бағытталған диалогтық алаңша ұйымдастырылды. Диалогтық алаңшаға Шымкент қаласы мәслихаты депутаттары Нұркөз Жаңабаев, Рамазан Бектұрғанов және Төреайым Сұлтанова қатысты.


«Алдағы өтетін сайлау аса маңызды. Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ететін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді, бағдарламаларды ойдағыдай лайықты жүзеге асыруға айқындап беретін, еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап беретін құрал ретіндегі сайлау екенін ұғуымыз керек», - деді Нұркөз Жаңабаев.

Осы орайда Төреайым Сұлтанова «Әлем БТ» кәсіпорны жұмысшыларын алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды.


Бұл кәсіпорын қуаттылығы жылына 16 млн жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер және балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімінің ассортиментін шығарады.

Айта кетсек, 2018 жылы Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп саласында 21,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жылдық өсім 25%-ға жеткен. Еліміздің жеңіл өнеркәсібіндегі қаланың үлесі 23%-ды құрайды.

Қалада жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 2005 жылғы Жарлығымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Бүгінге аталған аймақта жалпы инвестиция құны 30 млрд теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылған. Сонда 1 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылған.

Алдағы уақытта аймақта 2019-2021 жылдары жалпы құны 89 млрд теңге құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарланған. Онда 1 300-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.

Үкіметтің 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берілген «қарапайым заттар экономикасын» дамыту туралы тапсырмасын орындау үшін қаламызда «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе және «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ-ның (ҚИДИ) қолдауымен Жобалық кеңсе құрылды. Бүгінде Жобалық кеңсеге 73 кәсіпорыннан 70,3 млрд теңгеге өтінім түскен. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы 48,5 млрд теңгелік 44 жоба бар.


Фото: автордан

Сізден жаңалық