Шымкенттегі 13 мектепте кадет сыныбы ашылған

25 Желтоқсан 2020, 06:30
1520
Бөлісу:
Шымкенттегі 13 мектепте кадет сыныбы ашылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқушыларға құқықтық білім беріп, әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында қаладағы 13 мектеп жанынан кадет сыныбы ашылған. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасы мәлімдеді.

Кадет сыныбының оқушылары сабақтан тыс уақытта сапта жүру, автоматты бұзып-жинауды үйреніп, спорттық жаттығулармен айналысады. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылығын арттырып, алғашқы медициналық көмек көрсету сынды бағыттарды меңгереді.

Басқарма мамандарының айтуынша, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында 25 аула клубы мен бірнеше дамыту орталығы ашылған және «Bookdating – кітап оқу арқылы өз болашағыңды жаса» жобасы жұмысын бастаған екен.

Бұдан бөлек, экологиялық бағыттағы 19 үйірмеге 3 770 оқушы тартылып, 12 мектептен жылыжай ашылған. Ал білім ұйымдары жанынан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық клубқа 84 660 бала қамтылған. Бұл бағытта 154 үйірме жұмыс жасап отыр.

Осы жылы 300 орындық екі жаңа өнер мектебінің құрылысы пайдалануға берілсе, 2021 жылы Шымкент қаласының орталығынан соңғы үлгідегі «Оқушылар сарайы» ғимаратының құрылысы басталатын болады, - дейді басқарма мамандары.


Өзгелердің жаңалығы