Шымкентте «Жұлдыз» индустриалдық аймағы құрылады

21 Мамыр 2019, 09:46
1611
Бөлісу:
Шымкентте «Жұлдыз» индустриалдық аймағы құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет отырысында өңірдегі арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтардың жұмысын таныстырды.

Айтуынша, осы жылдың соңына дейін индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңгені құрайтын 700-ден астам жұмыс орнымен 8 жоба іске қосылмақ.

«Шымкент қаласында аумағы 200 га құрайтын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы және 2 индустриалдық аймақ: «Оңтүстік» (337 га) және «Тассай» (89 га) жұмыс жасайды. Индустриалдық аймақтарда 44 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылып, 4,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. 2021 жылға дейін 72 млрд теңгені құрайтын 66 жобаны іске асырып, онда 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Осы жылы 39 млрд теңгені құрайтын 700-ден астам жұмыс орнымен 8 жоба іске қосылады», - деді ол.

Сонымен қатар, қала басшысы мемлекеттен алынған 8 млрд теңге қаржының толық қайтарылғанын атап өтті.

«Оңтүстік» индустриалдық аймағында 1 бюджеттік теңгеге 10 теңге жеке инвестиция, ал «Тассай» индустриалдық аймағында 38 теңге жеке инвестиция тартылды. Индустриалдық аймақтардың құрылысына бюджеттен 8 млрд теңге жұмсалған. Алайда аймақ қатысушыларының есебінен бүгінге дейін мемлекетке 11 млрд теңге салық төленіп, инфрақұрылымға жұмсалған қаражат толық қайтарылды», - деді ол.

Тағы Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентте жаңа «Жұлдыз» индустриалдық аймағында қай салаларды дамыту көзделгенін айтты.

«Индустриалдық аймақтардың жер учаскелері 100% жобаларға толық. Әрі қарай дамыту мақсатында 76 га жерге жаңа «Жұлдыз» индустриалдық аймағын құру жұмыстары басталды. «Жұлдыз» индустриалдық аймағында негізінен құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделген. Сонымен қатар, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында қалада 136 га жерге жаңа агро-индустриалдық аймақ құрылды. Бүгінде инфрақұрылым жұмысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде», - деді Шымкент әкімі.

Өзгелердің жаңалығы