Шымкентте «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» апталығы жарияланды

11 Наурыз 2019, 21:39
2167
Бөлісу:
Шымкентте «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» апталығы жарияланды

Астана, BAQ.KZ. Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды жүзеге асыру мақсатында, сонымен қатар, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бір апталық іс-шаралар кешенін іске қосты.

Осы апта аясында ағымдағы жылдың 11 наурыз күні Департаменттің бастамасымен қала әкімдігінің қолдауымен 250-ге жуық жас мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті.

Басты мақсат – жас мемлекеттік қызметшілерді елімізге адал қызмет етуге, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік пен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі нормаларын қатаң ұстануға шақыру арқылы мемлекеттік қызметке білімді жастарды шақыру.

Жастармен кездесуге Департамент басшысының орынбасары А. Шілманов, қалалық әкім аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Ж. Наушабай, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А. Есенгельдина, қала әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі М. Акишев, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е. Төлебаев қатысты.

Шымкент қаласында 1800-ге жуық мемлекеттік қызметші болса, оның 22%-ын жастарды құрайды.

«Жоғарғы оқу орнын аяқтаған әрбір жастың алдына қойған арман тілегі төрт жыл бойы алған білімі мен тәжірибесін көрсету болып табылады. Мемлекеттік қызметте жастардың білімі, ұсыныстары мен идеялары әрқашан бағаланып келеді. Биылғы жыл өздеріңізді жан-жақты көрсетуге ерекше жыл болып отыр. Осы мүмкіндікті жіберіп алмайсыздар деп үміттенемін» - деді Айбек Ақбергенұлы.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А. Есенгелдина ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Академияға түсуге ниет білдірген мемлекеттік қызметшілерге арнап тегін ағылшын тілі курстарын өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Шымкент – адалдық алаңы» басшысы Е. Төлебаев жас мемлекеттік қызметшілерді жан-жақты болуға шақырып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында құрылған жобалық кеңсенің жұмысымен таныстырды.

«Мен – мемлекеттік қызметші емеспін. Алайда, мемлекеттік қызметшілермен тығыз жұмыс жасаймын. Олардың жұмыстарының жауапкершілігін де сезініп жүрмін. Менде өздеріңіз сияқты жаспын. Біздер, жастар еліміздің, қаламыздың өсіп-өркендеуіне, сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстанды құруға атсалысуымыз керекпіз. Өзгерістерді өзіңнен баста демекші, әр адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз бойында мәдениетті қалыптастырса, біз жемқорлықты міндетті түрде жоямыз» - деді Е. Төлебаев.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар мемлекеттік қызметтегі тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бірқатар ақыл-кеңестер берілді. Жас мемлекеттік қызметшілер тарапынан айтылған ұсыныстар міндетті түрде қаралатындығы жеткізілді.

Айта кетейік, «Жастар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» апталығы аясында тренингтер, дебаттар, галстуксыз кездесулер, спорттық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы