Шымкентте ҰОС ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек берілді

8 Мамыр 2019, 17:12
2227
Бөлісу:
Шымкентте ҰОС ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек берілді

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласында 54 Ұлы Отан соғысы ардагері және 4276 ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлері тұрады. Биыл Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 100 АЕК, яғни 252 500 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілді. 

Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілгендер және тыл ардагерлеріне 5 АЕК көлемінде, дәлірегі 12 625 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қоса, әкімдік қызметкерлері 54 ҰОС ардагерінің үйіне арнайы құттықтап барып, 100 мың теңгенің көлемінде сый-сияпат жасады.

Шымкент әкімдігінің хабарлауынша, жыл сайын ҰОС ардагерлеріне әлеуметтік қолдаулар мен құрмет көрсетіледі. Мәселен, оларға республикалық әрі өңірлік деңгейде ақысыз медициналық көмек жасалады. Сауықтыру мақсатында әр жылы 5 мыңға жуық жекелеген санаттағы азаматтарға түрлі сауықтыру орталықтарына жолдама берілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көгілдір отыннан басқа коммуналдық қызметтің барлығы тегін болып отыр екен.

Ал «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы және «Оңтүстік» АЭА директорлар кеңесінің төрағасы Рашид Аюпов бастаған топ ҰОС ардагері мен тыл ардагерлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады. Олардың арасында 95 жасқа толған Тлеумбет Қожаназаров та бар.

Тлеумбет Қожаназаров Польшада соғысып, Украинаны, Белоруссияны азат етуге қатысқан. Хаймар Харавин бағытында Жапонияда соғыста болған. Майданда бортинженер бола жүріп, әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындаған. 28 мемлекеттік наградамен және медальдармен, соның ішінде Украинаны азат ету, Германия мен Жапонияны жеңгені үшін медальдарымен марапатталған.

«Біздің назарымызға, қамқорлығымызға мұқтаж адамдар көп. Ең болмаса, жылына бір рет ардагерлерімізді еске алып, оларға рақмет айту өте маңызды. Әрқайсымыздың таңертең тұрып, жұмысқа немесе оқуға барып, адамдармен араласып, жоспар құрып, армандап, бейбіт заманда өмір сүруіміз – ардагерлеріміздің арқасы. Мұны ешқашан да ұмытпауымыз керек», - деді Рашид Аюпов.

Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқандар, Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған 1886 ардагерге 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде біржолғы материалдық көмек берілді.

Өзгелердің жаңалығы